АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 339-ракеткасы Дмитрий Попко АҚШ-тың Санрайз қаласында (Флорида штаты) өткен ITF турнирінің жеңімпазы атанды.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 538-орында тұрған америкалық Алекс Рыбаковпен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда Д.Попко 7:5 есебімен басым түсті.
Екінші сетте америкалық теннисші 2:0 есебімен алға шықты. Алайда бұдан кейін Дмитрий Попко қатарынан алты геймді өз есебіне жазды – 6:2.
Тартысты матч екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Әбу-Даби турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).