Дмитрий Попко Аргентинадағы екінші жарысты сәтті бастады
ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 358-ракеткасы Дмитрий Попко Буэнос-Айрес 2 (Аргентина) челленджер турнирін сәтті бастады.
Өткен аптада Буэнос-Айрестегі осындай жарысты Дмитрий Попко іріктеу сайыстарынан бастап, финалға дейін жеткен еді.
Бұл жолы алғашқы айналымда әлемнің 362-ракеткасы, испаниялық Карлос Санчес Ховермен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда бір брейкті артық жасаған Попко 6:3 есебімен басым түсті.
Дмитрий екінші сетте де 4:1 есебімен алға кеткенімен, соны жалғастыра алмады. Дегенмен тай-брейкте матчты жеңіспен түйіндеді – 7:6 (9:7).
Бір сағат 35 минутқа созылған бәсеке барысында Попко 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Испаниялық теннисші 1 эйс, 3 брейкпен шектелді.
Дмитрий Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 231-ракеткасы, словакиялық Йозеф Коваликпен сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның «Үлкен дулыға» турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Денис Евсеев Испаниядағы турнирде кезекті жеңісіне қол жеткізді.