Дмитрий Попко Аргентинадағы жарыстың жартылай финалына өтті

Фото: Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 309-ракеткасы Дмитрий Попко Тукуман (Аргентина) ITF турнирінің жартылай финалына шықты.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 609-сатыда тұрған боливиялық Хуан Карлос Прадо Анхеломен сынға түсті.

Дмитрий Попко боливиялық теннисшіден 6:4, 6:3 есебімен айласын асырды.

Қазақстандық спортшының жартылай финалдағы қарсыласы кейін анықталады.

Осылайша, бұдан бұрынғы АҚШ-тағы үш ITF турнирін қоса есептегенде, Дмитрий Попко қатарынан 18 ойынды тек ұтыспен аяқтап отыр.

Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкиннің жеңіс сериясы 10 матчқа жетті. Ол Испаниядағы Тенерифе челленджер жарысының жартылай финалында рейтингіде 399-сатыдағы испаниялық Мартин Ландалусемен ойнайды.

Осының нәтижесінде ATP Live рейтингісінде М.Кукушкин 165-тен 156-ға, Д.Попко 309-дан бірден 276-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Дубайда әлемнің 5-ракеткасын жеңіп, финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Александр Бублик әлемдік рейтингіде алғаш рет ТОП-20-ға кіреді.