Дмитрий Попко Бразилиядағы жарыстың 1/8 финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 223-ракеткасы Дмитрий Попко Сантос (Бразилия) челленджер турнирінің 1/8 финалына өтті.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 529-орында тұрған аргентиналық Иван Хустоның меселін қайырды.
Д.Попко бірінші партияда қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Екіншісінде де есесін жібермеді – 7:5.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Дмитрий 7 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Хусто 10 брейк-пойнттың екеуін ғана өз есебіне жазды.
Дмитрий Попко ширек финалға шығу үшін рейтингіде 340-сатыдағы тағы бір аргентиналық Ернан Казановамен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 134-ракеткасы Михаил Кукушкин Рим мастерс турнирі іріктеу сайысының финалында кезінде рейтингіде 8-орынға дейін көтерілген аргентиналық Диего Шварцманнан 6:4, 2:6, 3:6 есебімен жеңіліс тауып, негізгі жарысқа өте алмады.
Сондай-ақ әлемнің 174-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Уси (Қытай) челленджер додасының алғашқы айналымында күтпеген жерден рейтингіде 284-сатыдағы тайбэйлік Ву Танг-Линнан ұтылып қалды – 3:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемде виннерстен алдына жан салмай келе жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Рим турнирінің екінші айналымына өтті