АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 187-ракеткасы Дмитрий Попко Санто-Доминго (Доминикан) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Д.Попко алғашқы айналымда әлемнің 292-ракеткасы, америкалық Тай-Сон Квятковскимен шеберлік байқасты.
Қазақстандық теннисші матчты қарқынды бастап, содан жаңылған жоқ. Бірінші партияда 6:1 есебі тіркелсе, екінші сетте де оның басымдылығы айқын байқалды – 6:2.
Небәрі 56 минутқа созылған бәсеке барысында Попко 8 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Квятковски 4 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Дмитрий Попко ширек финалда өнер көрсету үшін әлемнің 100-ракеткасы, босниялық Дамир Джумхур немесе рейтингіде 514-орындағы тағы бір америкалық Кэннон Кингслидің қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің АҚШ-тағы жарыста камбэкпен екінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).