Дмитрий Попко Хорватиядағы турнирдің ширек финалында ойнайды

Фото: Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 244-ракеткасы Дмитрий Попко Загреб (Хорватия) челленджер турнирінің ширек финалына өтті.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде өзінен 40 саты жоғары тұрған хорватиялық Дино Прижмичпен кездесті.

Бір сағат 40 минутқа созылған матчта Попко корт иесін жолдан тайдырды – 6:2, 6:4. Ол 4 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне тіркеді. Прижмич 2 эйс, 2 брейктен (8 брейк-пойнт) аса алмады.

Дмитрий Попко жартылай финалға шығу үшін хорватиялықтар, әлемнің 358-ракеткасы Нино Сердарушич немесе рейтингіде 359-орындағы Матей Додигтің біреуімен шеберлік таластырады.

Д.Попко қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 231-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Италиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Әмір Омарханов Ролан Гарроста сенсация жасап, жарыстың 3-ракеткасын ұтып, жартылай финалға өтті.