АСТАНА. KAZINFORM — Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жаңартылған рейтингіні жария етті.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 77-ден 76-ға ауысса, Александр Шевченко 105-тен 106-ға сырғыды.
Соңғы екі аптада Мексикада сәтті өнер көрсеткен Дмитрий Попко әлемдік рейтингіде жоғарылап келеді. Бұдан бір апта бұрын ол 245-тен 175-орынға көтерілсе, қазіргі кезде әлемнің 159-ракеткасы атанып отыр. Михаил Кукушкин 160-тан 162-ге төмендегендіктен, Д.Попко Қазақстанның үшінші ракеткасы болды.
Тимофей Скатов 174-тен 179-ға, Бейбіт Жұқаев 192-ден 205-ке түсіп қалды.
Жұптық сында Александр Недовесов 84-тен 109-ға құлдыраса, А.Бублик 133-те тұр.
Әйелдер арасында Елена Рыбакина WTA рейтингісінде оныншы, Юлия Путинцева 23-орнын сақтады.
Жұптық сында Анна Данилина 17-ден 18-ге сырғыса, Ю.Путинцева 75-інші, Жібек Құламбаева 162-орнында қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Мексикадағы турнирдің финалында есе жібергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).