АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 187-ракеткасы Дмитрий Попко Богота (Колумбия) челленджер турнирін жеңіспен бастады.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 469-орында тұрған америкалық Харрисон Адамспен өткізді.
Бірінші партияда Попко 7:5 есебімен басым түссе, екіншісінде Адамс есе қайырды – 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Попко жеңісті жұлып алды – 6:3.
Екі сағат 14 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық теннисші 8 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың үшеуін ғана жүзеге асырды. Адамс 4 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Дмитрий Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 307-ракеткасы, ұлыбританиялық Джей Кларкпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың АҚШ-тағы жарыстар сериясын сәтті бастағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).