Дмитрий Попко Мексикадағы турнирдің финалында есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Дмитрий Попко Морелос (Мексика) челленджер турнирінің финалына дейін жетті.
Қазақстандық теннисші соңғы бәсекеде әлемнің 168-ракеткасы, швейцариялық Марк-Андреа Хюслермен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда швейцариялық спортшы 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде Попко есе қайтарды – 6:3.
Шешуші, үшінші сет Хюслердің пайдасына шешілді – 6:4.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матч барысында Попко 7 эйске қоса 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Хюслер 12 эйс, 3 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Бұдан бұрын Морелиядағы осындай жарыста жеңімпаз атанған Д.Попко әлемдік рейтингіде 175-тен 159-орынға көтеріледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың екінші рет қатарынан Мексикадағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.