АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 245-ракеткасы Дмитрий Попко Морелия (Мексика) челленджер турнирінде үздік шықты.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 95-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы Джеймс Даквортпен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда Дакворт басымдық танытты — 6:1. Бұдан кейін Попко камбэк жасап, таразы басын аудара білді — 6:2, 6:4.
Бір сағат 47 минутқа созылған финалдық матчта Д. Попко 8 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Дакворт 6 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, 28 жастағы қазақстандық теннисші спорттық жолында екінші челленджер додасының жеңімпазы атанды. Ол 28,4 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тауып, 125 рейтингілік ұпайға ие болды.
Д.Попко ATP жаңартылған рейтингісінде 175-орынға көтеріледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Бухарестегі турнирді сәтті бастағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).