АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 222-ракеткасы Дмитрий Попко Брашов (Румыния) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.
Дмитрий Попконың ширек финалда рейтингіде 246-сатыдағы румыниялық Филип Кристиан Жиянумен кездесуі оңай болған жоқ.
Бірінші партияда корт иесі айқын басымдылық көрсетті – 6:1. Дегенмен бұдан кейін Попко ойын тізгінін қолына алып, камбэк жасай білді – 7:5, 6:4. Екі сағат 26 минутқа созылған тартысты матчта Дмитрий 6 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Жияну 1 эйс, жасап, 17 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.
Дмитрий Попко финалға шығу үшін әлемнің 146-ыншы, осы жарыстың 2-ракеткасы, америкалық Николас Морено Де Альборанмен таласады.
Қазақстандық теннисші қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 207-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Франциядағы турнирдің жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Дмитрий Попко Румыниядағы жарыстың ширек финалына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).