Дмитрий Попко Румыниядағы жарыстың ширек финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 222-ракеткасы Дмитрий Попко Яссы (Румыния) челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 376-сатыдағы румыниялық Сезар Крецумен жолықты.
Попко корт иесін 7:5, 6:3 есебімен қапы қалдырды. 1 сағат 35 минутқа созылған бәсеке барысында Дмитрий 4 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Крецу 6 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.
Дмитрий жартылай финалға шығу үшін әлемнің 195-ракеткасы, франциялық Энцо Кокомен таласады.
Өткен аптада Брашовта дәл осындай додада финалға дейін жеткен қазақстандық теннисші қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 184-орынға көтеріліп тұр.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 230-сатыдағы Тимофей Скатов Зальцбург (Аустрия) челленджер жарысында тартысты матчта әлемнің 86-ракеткасы, бразилиялық Тьяго Монтейродан 6:3, 3:6, 3:6 есебімен ұтылып, ширек финалға шыға алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Елена Рыбакинаның финалдан тыс қалғанын жазған болатынбыз.