Дмитрий Попко Загребте кеткен есені Братиславада қайтарды

Фото: Фото: Қазақстан теннис федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисщі, әлемнің 231-ракеткасы Дмитрий Попко Братислава (Словакия) челленджер турнирінің ширек финалына шықты. 

Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 328-орында тұрған хорватиялық Матей Додигтің мысын басты. 

Өткен аптада М.Додиг өз елінде өткен Загреб челленджер додасының ширек финалында үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта Д.Попконы 7:5, 4:6, 6:4 есебімен жеңген еді.

Бұл жолы бәсеке Д.Попконың айқын басымдылығымен басталды – 6:1. Екінші сетте де ол сол қарқынын жоғалтқан жоқ – 6:4. Бір сағаттан астам уақытқа созылған ойын барысында Попко 7 эйспен бірге 3 брейк-пойнттан шашау шығармады. Додиг 3 эйспен шектелді.

Дмитрий Попко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 295-ракеткасы, Польша өкілі Камил Майчрзак немесе рейтингіде 364-сатыдағы тағы бір хорватиялық Лука Микруттың қай жеңгенімен таласады.

Қазіргі кезде Д.Попко ATP Live рейтингісінде 224-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Братиславада үш сағатқа созылған матчты жеңіспен түйіндегенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Александр Бублик Штутгарт турнирінің ширек финалына шықты.