АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 163-ракеткасы Дмитрий Попко Загреб (Хорватия) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық спортшы бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 342-орында тұрған хорватиялық Матей Додигпен өткізді.
Қарсыластар осыған дейін екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы екі сет те 6:4 есебімен Попконың есебіне жазылды. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде ол эйс жасамағанымен, 9 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Додиг 2 эйспен шектелді.
Дмитрий Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 270-ракеткасы, тағы бір хорватиялық Мили Поличак немесе рейтингіде 348-сатыдағы босниялық Нерман Фатичтің қай жеңгенімен таласады.
Бүгін сондай-ақ рейтингіде 220-орындағы Бейбіт Жұқаев алғашқы айналымда әлемнің 127-ракеткасы, Швейцария өкілі Жером Кимнен өтуге тырысып көреді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында қазақстандық қыздардың іріктеу турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).