Дмитрий Попко жеңіс сериясын 23 матчқа жеткізіп, Бразилияда финалға шықты

Фото: Фото: спортшының Instagram парақшасынан

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 276-ракеткасы Дмитрий Попко Ресифе (Бразилия) ITF турнирінің финалына шықты.

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 392-орындағы бразилиялық Матеуш Алвешке қарсы келді.

Бірінші партияда Д. Попко 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде М.Алвеш дәл сондай есеппен есе қайырды.

Шешуші, үшінші сетте Д. Попко мүлтіксіз ойнады — 6:1.

Осылайша, жеңіс сериясын 23 матчқа жеткізіп, қатарынан бес ITF жарысының финалына шыққан Дмитрий Попко соңғы бәсекеде әлемнің 250-ракеткасы, аргентиналық Хуан Пабло Фикович немесе рейтингіде 423-сатыдағы бразилиялық Эдоардо Рибейроның біреуімен кездеседі.

Сөйтіп, Д. Попко жекелей және жұптық сында финалда өнер көрсетеді.

Қазіргі сәтте қазақстандық теннисші ATP Live рейтингісінде 247-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың жұптық сында Бразилиядағы жарыстың финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.