АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 276-ракеткасы Дмитрий Попко Ресифе (Бразилия) ITF турнирінің финалына шықты.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 392-орындағы бразилиялық Матеуш Алвешке қарсы келді.
Бірінші партияда Д. Попко 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде М.Алвеш дәл сондай есеппен есе қайырды.
Шешуші, үшінші сетте Д. Попко мүлтіксіз ойнады — 6:1.
Осылайша, жеңіс сериясын 23 матчқа жеткізіп, қатарынан бес ITF жарысының финалына шыққан Дмитрий Попко соңғы бәсекеде әлемнің 250-ракеткасы, аргентиналық Хуан Пабло Фикович немесе рейтингіде 423-сатыдағы бразилиялық Эдоардо Рибейроның біреуімен кездеседі.
Сөйтіп, Д. Попко жекелей және жұптық сында финалда өнер көрсетеді.
Қазіргі сәтте қазақстандық теннисші ATP Live рейтингісінде 247-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың жұптық сында Бразилиядағы жарыстың финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).