Дін экстремизмге тосқауыл болу керек – Дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысы
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысы Шейх Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Иса Kazinform тілшісіне берген сұхбатында дінаралық татулықтың қазіргі әлемдегі рөлі туралы пайымдарын айтты.
– Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезінен сізді көргенімізге қуаныштымыз. Бұл алаң діндер арасындағы диалогке қалай ықпал етіп отыр деп ойлайсыз?
– Бұл алаң арқылы дін көшбасшылары әлемдегі өзекті мәселелерді шешуге өз үлестерін қоса алады. Дін көшбасшыларының діндер арасындағы түсіністікті нығайтудағы рөлі орасан. Түрлі нанымдағы адамдар тұтастық жолында бірлесіп еңбек етуіне осындай бірегей диалог алаңдары көп септігін тигізеді.
Осындай маңызды шараны өткізіп келе жатқан Қазақстанға, оның Президентіне алғысымыз шексіз. Съезге мемлекет басшысының өзі қатысуы қосымша бедел мен жаһандық маңыз үстейді.
– Қазіргідей кикілжіңдер мен гуманитарлық апаттар жиілеген кезеңде дін көшбасшылары толеранттылық пен өзара түсіністікті нығайту жолында не істеу керек деп ойлайсыз?
– Дін көшбасшылары сөзіне құлақ асатын дін ұстанушы қауымның санасына әсер ету арқылы бейбітшілік пен толеранттылық мәдениетін орнықтыруға ықпал ете алады. Бұл миссия кикілжіңдерге шын ниетіңмен қарсы тұрудан басталады.
Нағыз діни ағарту адами, рухани құндылықтарды басшылыққа алады. Әлемдегі миллиондаған адам дін көшбасшыларының сөзіне құлақ асады. Сол арқылы олар қоғамда көзқарастар қалыптастырады.
Дүниежүзілік ислам лигасы да әлемдегі түрлі діни қауымдардың өкілдерімен диалог орнатқан. Сол ынтымақ арқылы экстремистік идеологияларға қарсы тұрып келеміз. Нағыз діннің экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Біз дін ұстанушы қауымға осыны жеткізуге күш саламыз. Дін нанымның алуан түрлі болғанына құрметпен қараймыз. Бірақ экстремизмнің кез келген формасына үзілді-кесілді қарсымыз. Өйткені мұндай идеология қақтығыс пен шетсіз-шексіз кикілжіңнен басқа ештеңеге әкелмейді.
Нағыз наным диалог арқылы, ашық сұхбат арқылы туындайды. Дәл осындай ашық диалог арқылы діндер арасына көпір жалғап, өзара ынтымаққа, қол жеткізе аламыз. Сонда ғана қоғамда келісім орнап, бейбітшілік үстемдік құрады.
Бұған дейін Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезінің жалпы отырысында сөз сөйлеп, дін басшыларын бейбітшілік елшілері деп атағанын жазған едік.