Діни материалдарды таратқан азаматтар қандай жағдайда жауапқа тартылады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті ресми сауалымызға жолдаған жауабында елімізде діни материалдарды таратқан адамдар қандай жағдайда және не себепті жауапқа тартылатынын түсіндірді.

Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Ведомство мәліметінше, бүгінде қолданыстағы заңнамада діни мазмұндағы материалдарды интернет ресурстарда, оның ішінде әлеуметтік желілерде таратуды реттеу қарастырылмаған.

– Алайда құқық қолдану практикасын ескерген жөн. Комитеттің ұстанымы – азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу және ескерту жасай отырып, әкімшілік шараларды барынша азайту. Бірақ қажеттілік туындаған жағдайда, әкімшілік сипаттағы тиісті шараларды қабылдау орынды, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Дін істері комитеті діни ақпарат таратқан тұрғындар жауапқа тартылмайтын нақты шарттарды атады.

– Тиісті мемлекеттік органдар азаматтарды конфессияаралық немесе діни алауыздықты қоздыруға, экстремизмді немесе терроризмді насихаттауға әрі ақтауға бағытталған мәліметтері жоқ діни мазмұндағы материалдарды жариялағаны, діни мерекелермен құттықтағаны үшін жауапқа тартпайды, – делінген ресми жауапта.

Ал бұл шеңберден шығып, қоғамға іріткі салуға, елде дүрбелең туғызуға әкелетін әрекеттерге барғандар заң алдында жауап береді.

– Деструктивті діни ағымдардың идеяларын қолдау, конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгерту, антимәдени және антиұлттық месседждерді насихаттау, митингілерге шақыру, «жиһадқа» қатысуға үндеу, сондай-ақ конфессияаралық араздықты қоздыру арқылы қоғамда алауыздық тудыруға кесірін тигізетін азаматтарға қатысты тиісті шаралар қабылданады, – деп мәлімдеді комитет.

Айта кетейік, бұған дейін діни қауым әдеп пен білімді қатар дәріптеудің маңызын айтқанын жазғанбыз.