Діни радикализм VS зайырлы ел: Хиджаб мәселесі неге қоғамда жік тудырды
Соңғы уақытта діни жат ағымдармен күрес мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осыдан бірер күн бұрын Сенат пен Мәжіліс депутаттары да елімізде деструктивті діни ағымдар қарқынды жұмыс жүргізіп жатқанын айтып, дабыл қаққан еді. Олар жағдай ушығып кетпей тұрғанда заңға өзгерістер енгізіп, бірқатар шараны қолға алу керегін еске салды. Халық қалаулыларының сөзінше, Қазақстанда дінге қызығушылар жасарып келеді әрі діни сауатын ашқысы келетіндердің 75%-ы ашық интернет ресурстарды пайдаланады екен. Содан да болар, мамандар діни атрибуттардың мектепте, оқу мекемелерінде көрініс табуына қарсы шығып, даулы мәселенің нүктесін қою керек деп отыр. Өйткені соңғы кездері қоғамда оқушылардың хиджаб/орамал тағу не тақпауына қатысты пікірталас күшейіп кетті. Осы тұста, сарапшылар мемлекет жұмсақтық танытпай, Конституцияға сай әрекет ету керегін айтып отыр.
Осыған байланысты еліміздегі дін мәселесі, ондағы мектептің атқаратын рөлі, оқу ордаларында хиджаб киюге қатысты Конституция не дейтіні, жауапты мемлекеттік органдардың ұстанымы, сарапшы-мамандардың ұсыныстары, сонымен қоса шетелдегі тәжірибеге назар аударып, материал дайындауды жөн көріп отырмыз. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.
«Мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизмді қолдайтын лауазымды тұлғалар бар»
Халық қалаулылары соңғы бірер жылда ислам дінін жамылған жат ағымдар қазақстандық қоғамға әлеуметтік-тұрмыстық жарқышақ салып, бұл саңылаудың барған сайын ажырап бара жатқанын айтып отыр. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпидің сөзінше, олар қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған.
«Олар қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мыңжылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуылға шыққандай сыңай танытады. «Бұл жерде теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па?» деген де қатер бар. Себебі халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс топ жанталасып, бізге жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасап жатыр»,-деп дабыл қақты депутат.
Сондықтан да қазақ халқының рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге, өнер ордалармен қатар дамуы керек екенін тілге тиек етті.
Бұдан бөлек ол исламдық секта Қазақстанның бірқатар аймағында, әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайғанын, бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизмге табынушылар басып бара жатқанын да мәселе етіп көтерді.
«Яғни бұл теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз. Жасыратыны жоқ, уақытында елге танымал азаматтар, оның ішінде депутаттар да қоғамға салафизм мен арабизацияны енгізуге тырысты. Жақтаушылар іздеп, қолдаушылар тапқандары да бар»,-деді ол.
Сондай-ақ Ермұрат Бәпи мемлекеттік биліктің өз ішінде де, уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын лауазымды қызметкерлер бар екенін де атап өтті.
«Деструктивті діни идеологияның жетегінде кетудің басты факторы – білімнің таяздығы»
Күні кеше оның әріптесі Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп те биік мінберден қоғамды бүлдіргі діни ағымдардан қорғайтын заңдарды жетілдіретін уақыт келгенін айтқан еді. Сонымен қоса ол қазіргідей жаһандану кезеңінде жастарды түрлі гибрид, субмәдениеттердің ықпалына түсіп кетуден қорғайтын бірден бір иммунитет ұлттық құндылықтар екенін еске салды.
«Қанша дәуірден бері қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыз бар. Солардың бәрін тәрк етеміз бе? Ата дінімізді ардақтаудың, салт-дәстүрімізді сақтаудың орнына бүкіл қоғам болып өзге ағымдардың жетегінде кетеміз бе? Мәселе дабыл қағарлық деңгейге жетті. Елімізде дінге қызығушылардың орташа жас мөлшері жасарып келеді. Бейресми деректерге сәйкес, діни білім іздеушілердің 75%–ы ашық интернет ресурстарды пайдаланады. Өз кезегінде деструктивті күштер ақпараттық кеңістіктің барлық мүмкіндігін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр. Бүгінгі таңда ашық интернет ресурстар арқылы, ислам дінінің кейбір ұстанымдарын алға тартып, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысқан контенттер көбейді,-деді халық қалаулысы.
Сонымен қатар ол деструктивті діни идеологияның жетегінде кетудің бірден бір факторлары – білімнің таяздығы, жұмыссыздық екенін баса айтты. Сондықтан да шеттен өз бетінше діни білім оқып келіп жатқан азаматтарды, қайта даярлықтан өткізетін және дипломдарын аккредитациялайтын ұлттық дәстүрге негізделген орталық құруды және де Үкімет, бұл өзекті мәселелерді қатаң бақылауда ұстауы керек екенін ескертті.
Қарап отырсақ, мамандардың да, депутаттардың айтып отырғаны өскелең жас ұрпақты тәрбиелеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кешегі ұстаздар күнінде сөйлеген сөзінде осы мәселеге баса назар аударды. Ол Қазақстанның Конституция бойынша зайырлы мемлекет екенін еске салып, бұл қағиданың барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс екенін атап өтті.
«Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек»,-деді Президент.
Заң не дейді?
Ендеше, соңғы кездері дауға айналған мектептегі хиджаб/орамал мәселесіне оралайықшы. Оқу-ағарту министрлігі «Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарда» мектеп формасына тек ислам ғана емес, әртүрлі дін не конфессияның киім элементтерін қосуға жол берілмейтінін белгілеген. Сондай-ақ «Білім туралы» Заңның 47-бабында «Білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды оқушылар сақтауға міндетті» делінген.
Бұған дейін де мектептерде діни бұйымдарды, киім-кешек пен бас киімдерді киюге (хиджаб) рұқсат етілген жоқ. Тиісті министрліктің айтуынша, оларды кию дінді тікелей немесе жанама түрде насихаттау болып саналады, бұл зайырлы оқу орындарында қабылданбайды.
Сонымен қатар мұндай киім - мектеп формасының бірыңғай стандартына қайшы. Мектеп формасына қойылатын талаптарға сәйкес, ұлдардың мектеп формасына пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка) кіреді. Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы керек. Ал қыздардың мектеп формасы қатарында пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта трикотаж жилет, сарафан, водолазка) бар. Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады. Талапқа сәйкес, мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.
Ата аналар немесе өзге де заңды өкілдерге Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерін орындамаған жағдайда айыппұл салынады.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушыларға мектепке хиджаб киіп келуге болмайтынын айтқан еді. Ол оқушылардың киіміне қатысты ешқандай өзгеріс енгізілмегенін, балалар мектеп формасымен жүруі керек екенін де еске салды.
«Конституция бойынша, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек... Балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі тиіс»,-деп баса айтты Ғани Бейсембаев.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да Facebook парақшасында оқушылардың мектепке хиджаб киіп баруына қатысты пікір білдіріп, Оқу-ағарту министрінің сөзін қуаттай түсті. Сондай-ақ ол мектепте бала ең алдымен, сапалы білім алу керегін, кейін ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінінін өзі шешетінін еске салды.
«Хиджабқа рұқсат беру басқа діни ағымдардың мүддесін оятады»
Мамандар мектептегі хиджаб мәселесі тек мектептің проблемасы ғана емес, бұл жерде ұлттық қауіпсіздік, ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі тұр. Әлеуметтанушы Талғат Жақиянов бүгінгі «орамал/хиджаб» мәселесіне қатысты полемикада мемлекеттік органдар ұтылып жатқанын, мемлекеттің ұстанымы солқылдақ, мінезі «жұмсақ» болып тұрғанын баса айтты.
Осыған байланысты әлеуметтанушы Талғат Жақиянов бірнеше жылғы мектептегі тәжірибесіне сүйеніп, оқушылардың неліктен мектеп формасын киюі керек екеніне тоқталып өтті.
«Балалардың бірінің қымбат, енді бірінің жұпыны киінуі білім кеңістігінде түрлі проблеманы, яғни психологиялық, жікке бөліну сияқты мәселелерді туғызады. Ал бірыңғай форма - мектептегі таптық жіктелу көрінісін жасырып, жағымсыз салдардың алдын алу үшін қолданылатын эгалитарлық құрал. Барлық баланы әлеуметтік-материалдық тең ету емес, теңсіздік көріністерін жасыру қызметін атқарады. Санасы енді қалыптасып келе жатқан періштедей жас буын өзінің және өзгелердің таптық белгілерімен бас қатырмай, білім алуы керек. Таптық маркерлерсіз өзара тең қарым-қатынас жасауы қажет, өздерін психологиялық қолайлы сезінуі керек»,-деді сарапшы.
Оның айтуынша, бірыңғай мектеп формасы - түрлі қабаттық (этникалық, діни, гендерлік, субмәдени) маркерлерді жасырудың құралы.
Сонымен бірге ол елімізде ресми түрде тіркелген 18 конфессия (діни бағыт) бар екенін, ал тіркелмегендері одан да көп екенін айтып отыр. Оның пікірінше, хиджаб/орамалға рұқсат беру осы ағымдардың көпшілігінің мүддесін оятады, себебі «зайырлы» елде діндердің құқықтары тең.
«Діни атрибуттардың мектепте көрініс беруі исламмен ғана байланысты емес. Еліміздің солтүстік өңірінде өз діні православ мектеп директоры оқушы қыздардың бәріне православ үлгісімен орамал таққызып қойған жағдайлар болған. Бірнеше жыл бұрын аралас мектептердің бірінде «сатаналық» сектаға кіріп кеткен жоғары сынып оқушыларының сабаққа «сатана» образында киініп жүргенін көргенмін. Осы сияқты жағдайлар «домино» заңдылығымен міндетті түрде басқа ағымдар арасында да болады. Ислам да бірегей емес елімізде. Сәйкесінше, түрлі ағымдар әртүрлі тәжірибе мен үлгі әкелетіні анық»,-деп түсіндірді спикер.
Сонымен қоса ол орамал/хиджабқа үнсіз рұқсат берген мектептерде енді басқа проблемалар көрініс бергенін, орамал/хиджаб киген оқушылардың ата-аналары мектепте өз балаларына басқа да «қолайлы жағдай» жасауға тырысқанын тілге тиек етті.
«Музыка, дене шынықтыру, көркем сурет пәндеріне қатысудан бас тартқан. Ән айтуды (соның ішінде әнұран орындауды да), би билеуді «харам» деп, мектептің қоғамдық өмірінен алшақтаған. Жаратылыстану, тарих пәндерінен өздерінің діни догматтарына сай келмейтін тақырыптарды алып тастауды талап еткен. Асханаларды тексеріп, «халал» мәзір талап еткен»,-деді ол.
Осылайша, проблема хиджаб\орамалмен ғана шектелмейтінін, онымен бірге мектеп кеңістігіне кешенді проблема енетінін де атап өтті.
«Дәл қазіргі жағдайда діни атрибут ретіндегі «орамалға» мектептерде рұқсат беру, ең алдымен, салафилік идеологияның енуіне мүмкіндік береді. Сондықтан салафизмге заңмен тыйым салмайынша, бұл мәселені қарастыруға болмайды»,-деді сарапшы.
«Дәстүрлі мұсылмандық» концепциясын қабылдау қажет»
Талғат Жақияновтың сөзінше, орамал/хиджабтың төңірегіндегі дау-дамай елімізде «дәстүрлі мұсылмандықты» орнықтыру және дамыту керектігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Бізде әлі күнге дейін «дәстүрлі мұсылмандықтың» теологиялық және ғылыми негізделген тұжырымдамасы жоқ.
«Дәстүрлі мұсылмандық» концепциясын қабылдау қажет. Соның аясында дәстүрлі мұсылман әйелдердің киім үлгісін де қабылдау керек. Біздің қоғам хиджабтан қорықпайды. «Хиджабтың ішінде қандай ағымның өкілі тұр?» деген күдікпен сақтана қарайды. Ұлттық нақышта анықталған діни киім болса, жағдай біршама оң өзгеретін еді»,-деп түйіндеді ол сөзін.
Осы тұста танымдық ақпарат ретінде орамалдың түрлеріне тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Хиджаб. Қарапайым киім үлгісіне арналған жалпы термин. Сондай-ақ шашты жауып тұратын шәліге де қатысты.
Никаб. Көзді ғана қалдырып, бетті жауып тұратын перде.
Бурка. Бет-әлпет пен денені толықтай жауып тұратын киім, негізінен Ауғанстанда кеңінен қолданылады.
Чадра. Денені толықтай жауып тұратын орамал, Иранда жиі кездеседі.
Химар. Шашты, мойын мен иықты жабатын орамал.
Әлемде мектепке хиджаб кию мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Жалпы мектептегі хиджаб мәселесі тек Қазақстанды ғана емес, күллі әлемді толғандырып отыр. Өйткені әлемде мұсылмандар саны да, түрлі діни ағымдар қатары да көбейіп келеді. Соған байланысты дүниежүзі елдері де оқу орындарында, мектептер де хиджаб/никаб/абайя кию мәселелерін қайта қарастырып, шектеу қойып жатыр.
Мысалы, Францияда 2004 жылдан бастап көзге түсетін барлық діни нәрселерге тыйым салынған еді. Енді биылғы оқу жылынан бастап мектептерде абайя киюге тыйым салынды. Бұл туралы тамыз айының соңында Францияның білім министрі Габриэль Аттал мәлімдеді. Айта кетейік, абайя - бүкіл денені толық жауып тұратын дәстүрлі мұсылман көйлектері.
Оқу басталған күні француз мектептеріне абайя киіп барған 300-ге жуық қызды сабаққа кіргізбеген.
Жуырда Швейцария парламенті әйелдерге арналған дәстүрлі мұсылман бас киімдері, оның ішінде никаб пен хиджабты қоса алғанда, бетін жауып тұратын киім киюге тыйым салатын заң қабылдады.
2021 жылдың ақпанында өткен жалпыхалықтық референдумда Швейцария халқының 51%-ы мұндай діни киімді киюге тыйым салуды жақтап дауыс берді. Осыдан кейін бұл тыйым күшіне еніп отыр. Жаңа заңды бұзғандарға 1 мың франкке (1 116 доллар) дейін айыппұл салынады.
Көрші Өзбекстанда ер адамдарға деструктивті діни ағым өкілдеріне тән сақал қоюға, ал әйелдерге білім беретін орындарда хиджаб киюге тыйым салынған. Жергілікті БАҚ елдің бірқатар өңірінде жат ағым өкілдеріне қарсы арнайы рейдтер жүргізілгенін жазды.
Тәжікстанда да мұндай «мұсылман киімін» кию мемлекет тарапынан құпталып отырған жоқ. Президент Эмомали Рахмон өз сөзінде «қап-қара киім, хиджаб кию және сақал қою мәдениетімізге жат» деп бірнеше рет айтқанымен, заңнамалық деңгейде дәл осындай хиджапқа тыйым салынбаған. Тек мемлекеттік мекемелерде, мектептерде және университеттерде киюге тыйым салынған.
Қырғызстанда да мектеп формасы төңірегіндегі пікірталас жалғасып жатыр. Мұғалімдер оқушылардың сабаққа хиджаб киіп келуіне тыйым салуды сұрайды, бірақ Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы бұған қарсы.
Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы хиджаб киюге қойылған шектеумен келіспейді. Діни жетекшілер мектепке хиджаб киіп баратын қыздарды діни таңдауы үшін кемсітуге болмайтынын айтады. Жалпы Қырғызстанда мектеп оқушыларына хиджаб киюге ресми тыйым салынбаған.
Жуырда қауіпсіздік мәселесін жақсарту мақсатында Қырғызстан парламентінің депутаты Шарапатқан Мәжитова елде мұсылмандар үшін дәстүрлі хиджаб пен никаб киюге тыйым салуды ұсынды. Оның сөзінше, хиджаб пен никаб кигендердің кім екенін қауіпсіздік мақсатында қойылған камералар анықтай алмайды. Сондай-ақ ол хиджаб пен никаб қырғыз мәдениеті мен салт-дәстүріне сәйкес келмейтінін де еске салып өтті. «Біздің әйелдердің жүзі әрқашан ашық болатын», - деді депутат.
Қорыта келе, хиджабтың тек мектептің не оқушының мәселесі емес, мемлекеттік деңгейдегі мәселе екенін байқап отырмыз. Сарапшылар айтқандай, оның артында ұлттық қауіпсіздік пен ұлттық құндылықтарды сақтап қалу мәселесі тұр. Сондықтан да жағдай ушығып кетпей тұрғанда заңға өзгерістер енгізіп, «мемлекет жұмсақтық танытпай, заңға сәйкес әрекет етуі тиіс».