АҚШ пен Канада сауда келісіміне келе алмады: жаңа тарифтер енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ пен Канада сауда келісіміне келе алмады. Вашингтон Канададан импортталатын жекелеген тауарларға 50 пайыздық баж салығын енгізуді жоспарлап отыр. Бұған жауап ретінде Оттава да осындай шара қолданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Синьхуаға сілтеме жасап.

Коллаж/Kazinform

АҚШ пен Канада сауда келісімін жасай алмады.

Ақ үй Канададан импортталатын жекелеген тауарларға 50 пайыздық баж салығын енгізу ниетін мәлімдеді. Канада премьер-министрі Марк Карни бұған жауап ретінде тиісті шаралар қабылданатынын айтты. Оның сөзінше, АҚШ тарапынан жаңа тарифтік талаптар қойылғаннан кейін Оттава Вашингтонмен сауда келіссөздерін тоқтатып, өз келіссөз жүргізушілерін кері шақырған.

Канада премьер-министрінің мәлімдемесінде АҚШ тарапы соңғы сәтте ұсынған өзгерістер «әділетсіз әрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз» деп бағаланғаны және кез келген келісімнің сенімділігіне күмән келтіргені айтылған.

АҚШ Канададан құны 20 млрд доллар болатын тауарларға 50 пайыздық баж салығын енгізбек. Бұған жауап ретінде Канада «долларға доллар» қағидаты бойынша дәл сондай тарифтер енгізеді, деді Марк Карни.

Оның айтуынша, бұл шаралар канадалық жұмысшылар мен кәсіпорындарды қорғауға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Колумбия президенті Абелардо де ла Эсприэлья АҚШ президенті Дональд Трамптан Колумбия тауарларына салынған жоғары кедендік баж салығын уақытша тоқтатуды сұрағанын хабарлағанбыз.