Қонаевта Дінмұхамед Қонаевтың 112 жылдығы аталып өтті

Фото: Фото: Александр Павский/ Kazinform

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың туғанына - 112 жыл. Осыған орай, біртуар тұлғаның есімі берілген Қонаев қаласында тарихи тұлғаны еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды Kazinform.

Шара Д.А. Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.

Фото: Думан Арғынгелді

«Бүгінгі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні құтты болсын! Мен ол кісіден бата алған адаммын. 80-ші жылдары Дінмұхамед Қонаев Шеңгелді ауылына келген еді. Ол өте кішіпейіл, адамгершілігі мол, жылы жүзді кісі екенін көрдім. Оған қызмет көрсетіп, күтіп жүргенде ол маған: - Қалқам, не қызмет жасайсың, - деп сұрады. Мен Шеңгелді ауыл советінің төрағасы екенімді айттым. Ол: - Бәрі өз қолында екен, бақытты бол, - деп батасын беріп кеткен еді. Негізі Дінмұхамед Қонаев өте қасиетті адам болды», - деп еске алды Алматы облысы ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Бесбаев.

Фото: Думан Арғынгелді

Ол сондай-ақ алдағы уақытта Қонаев қаласында Д.А.Қонаевтың музейі ашылуы тиіс екенін айтты.

«Алматыда, Балқаш ауданында Дінмұхамед Қонаевтың музейі бар. Алдағы уақытта Қонаев қаласында да музейін ашу жоспарда бар екен. Жалпы, қаламыз облыс орталығы болғалы бері көшелер кеңейтіліп, жаңа үйлер салынып, бәрі жаңарып, ретке келіп жатыр. Қазір қаламызда 70-80 мыңдай халық болса, келешекте 200 мыңға жетеді деп күтіледі. Бізде сол күнді көрсек деген үміт бар», - деді қария.

Фото: Думан Арғынгелді

Қаланың алғашқы құрылысшысы Александр Чжен шаһардың дамып келе жатқанын айтты.

«Мұнда бұрын автобустар жүрмейтін. Бәрі жаяу жүретін. Соңғы жылдары, әсіресе, облыс орталығы болғалы бері қаламыз өркендеп, өсіп келеді. Зәулім үйлер пайда болды. Қаламызда бұрын 9 қабаттан жоғары үйлер болмайтын. Қазір 12 қабатты үйлер салынып жатыр. Өткенде облыс әкімі керемет жобаны көрсетті. Мен жалпы қаламызға Дінмұхамед Қонаевтай дара тұлғаның есімін бергені үшін Президентке үлкен алғыс айтамын. Өкінішке орай мен Димаш ағамен кездесе алмадым. Алайда, оның бойындағы қарапайымдылық, жауапкершілік, ақыл мен парасат-пайымы кейінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге болады деп сенемін», - деді ол.

Фото: Думан Арғынгелді

Гүл шоқтарын қою рәсімімен соң Қонаев қаласының мәдениет үйінде «Тағылымы терең тұлға» атты көрме өтті.

Фото: Думан Арғынгелді
Фото: Думан Арғынгелді
Фото: Думан Арғынгелді

«Кітап көрмесінде Дінмұхамед Қонаевтың өз қолымен жазған еңбектері, ол кісіге арналған әдебиеттер, фотосуреттер, дәйек сөздер мен инсталяциялар қойылған. Көрменің мақсаты ұлы тұлғаның халыққа сіңірген еңбегін, салихалы саясаты мен ғибратты ғұмырын үлгі ету», - деді Қонаев қаласы кітапханасының бөлім меңгерушісі Іңкәр Исаева.

Фото: Думан Арғынгелді
Фото: Думан Арғынгелді
Фото: Думан Арғынгелді

Еске алу шарасы «Д.А.Қонаевтың сүйіп тыңдаған әндері» атты мерекелік концертке ұласты. Онда Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет қала тұрғындарына құттықтауын жеткізді.

Фото: Думан Арғынгелді

«Дінмұхамед Қонаевтың есімі бүгін де ерекше құрметке ие, жас ұрпақ мақтан тұтады. Оның ішінде, Қонаев қаласының тұрғындары үшін орны тіптен ерекше деп ойлаймын. Қала атауын иеленуі бізге екі есе міндет жүктейді, екі есе жауапкершілікті арттырады. Айту керек, 2023 жылғы желтоқсан айында Үкімет Қонаев қаласының кешенді даму жоспарын бекітті. Жоспарға сәйкес, қаламыздың барлық әлеуметтік-экономикалық, туристік және тұрғын үй-коммуналдық салаларын дамыту көзделген. Халқымыздың біртуар азаматы Д.А.Қонаевтың есімі жылдар өтсе де, әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталатын болады», - деді Марлан Жолдахмет.

Фото: Думан Арғынгелді

Еске салайық, бүгін қазақ тарихындағы ең ірі тұлғалардың бірі, мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың (1912-1993) туған күні.

Фото: Думан Арғынгелді
Фото: Думан Арғынгелді