Дохада Қазақстан-Катар қарым-қатынасының 25 жылдығы аталып өтті

ДОХА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы мен Катар арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнаған айтулы датасы Қазақстан музыкасының жұлдыздары, виртуоз скрипкашы және дирижер Марат Бисенғалиевтің салтанатты концертімен аталып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Дохада «Katara Cultural Village» мәдени орталығында екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай, маэстро Марат Бисенғалиевтің басшылығымен Алматы симфониялық оркестрінің концерті өтті.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, дипломатиялық корпус және Катардың жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстандық дипломатия өкілдігінің басшысы Асқар Шоқыбаев сөзінде тыңдаушыларға екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдері туралы айтып берді.

Сондай-ақ, қатысушылардың назарына 2018 жылғы 10 қаңтардағы Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы және ҚР дамуының бес жаңа әлеуметтік бастамасы, сондай-ақ елдің сыртқы саяси бастамалары туралы фотокөрме ұсынылды.

Жалпы, жиынға қатысушылар Қазақстан мен Катар арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа жоғары баға беріп, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа табыс тіледі.