Қабылданып жатқан шаралар жастарды ғылымға тартуға, зерттеулер жүргізу үшін жағдай жасауға және жоғары білікті мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған.
— Ғылыми кадрларды даярлау үшін жыл сайын жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу мүмкіндіктері кеңейтілуде. 2025-2026 оқу жылына докторанттарды даярлауға 2919 білім беру гранты бөлінді. Индустриялық PhD тетігі бойынша экономиканың басым бағыттары бойынша мамандар даярлау үшін қосымша 110 грант көзделген, — делінген хабарламада.
«Жас ғалым» гранттық қаржыландыру бағдарламасы жалғасады, оның шеңберінде жыл сайын жас зерттеушілердің ғылыми жобаларын жүзеге асыруға мың грант бөлінеді. Заңнамалық деңгейде перспективалы зерттеушілерді қолдауға және ғылымды жастар арасында насихаттауға бағытталған жыл сайынғы «Үздік жас ғалым» сыйлығы бекітілді.
— Халықаралық ынтымақтастық пен ғалымдардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2021 жылдан бері әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында оқу мен тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін «250 ғылыми тағылымдама» бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2021-2025 жылдар аралығында шетелдік ғылыми тағылымдамаларға 1543 қазақстандық ғалым жіберілді. Бағдарламаға қатысушылардың 62%-дан астамын жас зерттеушілер құрайды, — деп хабарлады Үкіметтен.
Сонымен қатар ғылыми қоғамдастықты әлеуметтік қолдау шаралары да күшейтілуде. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бері бір докторантты даярлауды қаржыландыру көлемі орта есеппен 17%-ға ұлғайды, бұл зерттеулер жүргізу және ғылыми кадрлар даярлау үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Тұрғын үй мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінгі таңда 722 жас ғалым баспанамен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 584 адам Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ-ның бірлескен бағдарламасының арқасында баспана сатып алуға мүмкіндік алды, тағы 138 жас ғалым өтеусіз негізде пәтер алды.
Жүзеге асырылып жатқан шаралар кешені заманауи ғылыми ортаны қалыптастыруға, жастардың зерттеу әлеуетін дамытуға, ғылымның кадрлық әлеуетін нығайтуға және Қазақстанның жаһандық ғылыми-технологиялық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Айта кетенйік, қазақстандық ғалымдар жусан тозаңына қарсы аллергияға арналған препаратты зерттеп жатыр.