Доктрина сөзімен тек мемлекеттік институттар ғана емес, Қазақстан халқы мен адамдары да сөйлейді - болгариялық сарапшы

sp;АСТАНА. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Болгариядағы Елшілігінің баспасөз қызметі Қазақстан Республикасындағы ел бірлігі доктринасына саясаттану ғылымының докторы, Климент Охридский атындағы София университетінің (Болгария) және Карлос Терсеро де атындағы Мадрид университетінің (Испания) оқытушысы Татьяна Дронзинаның пікірін ұсынады.

               ***
Қазіргі жаһанданған әлемде адамдар, елдер және аймақтар бір-біріне барынша тәуелді бола түсуде. Сондықтан, бір елдегі демократия мен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ конфессияаралық және ұлысаралық келісімді жақсартуға бағытталған күш-жігер тек ішкі саяси ғана емес, сыртқы саяси өлшемдерге де ие. Меніңше, Қазақстан Республикасындағы Ел бірлігі доктринасын дәл осындай ұғым тұрғысынан қарастырған жөн.

Қазақстанды қоса алғанда, барлық жаңа мемлекеттер үшін ең маңызды шақырулар ұлттық құрылыс болып табылады. Оған табысты жауап халықтың саяси даналығы мен көрегендігін, қоғам тарапынан даму үрдісін дәл түсінуді, саяси элитаның ұлттық және жаһандық жауапкершілігін терең сезінуді талап етеді. Мен бұлардың барлығын да Қазақстан Республикасындағы Ел бірлігі доктринасынан тапқанымды үлкен қанағаттанарлықпен ауызға аламын, қазақстандық ұлттардың және мемлекеттің шоғырлануы жолындағы маңызды қадам деп бағалаймын.

Алайда Қазақстан Республикасындағы Ел бірлігі доктринасын тек ұлысаралық қатынастарға ғана қатысты деп есептеу қате болған болар еді. Қазақстандықтардың өздерінің төзімділіктерімен және өзара түсіністіктерімен мақтануларына барлық негіз бар. Ол ел аумағында өмір сүріп отырған барлық конфессиялық және ұлыстық топтардың күш біріктіруінің және таңдауының нәтижесі болып табылады. Қазақстан Республикасындағы Ел бірлігі доктринасы кең және терең қарауды көрсетеді - бұл болашақ демократияның, заңдардың басқаруы мен конституционализмнің, адам құқығының мүлтіксіз сақталуының және демократиялық саяси жүйенің одан әрі дамуының көрінісі.

Қазақстан - конфессиялық және ұлыстық әралуандылықты жанжалдар мен тоқырауға емес, даму мен келісімнің көзіне айналдырып үлгерген ат төбеліндей ғана елдердің бірі. Бұл азаматтық демократиялық ұлтты табысты құрудың үлгісі ғана емес, аймақтағы күрделі саяси және геосаяси қатынастардағы тұрақтылық факторы.

Бүгінгі күні мынадай сұрақ жиі көлденең тартылуда: ұлыстар мен діндердің тату қатар өмір сүруі мүмкін бе? Әлемдегі шешімін таппаған конфессияаралық және ұлысаралық жанжалдарды туындататын пессимизмнің өсіп отырған жағдайында, Қазақстан Республикасындағы  Ел бірлігі доктринасы аталмыш сұраққа бірыңғай оң жауап береді. Оның сөзімен, әдетте, ресми құжаттар туралы сөз қозғалғанда тек мемлекеттік институттар ғана емес, өздерінің ұлыстық шығу тегінің және дінінің әралуандылығына қарамастан өмір сүріп отырған Қазақстан халқы мен адамдары да сөйлейді. Олар өз қолдарымен ел басшылары сенім артатын және болашаққа сеніммен қарайтын азаматтық демократиялық ұлтты құрғанын мақтан ете алады.