Доллар 600 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін бе – Нұрлан Байбазаровтың жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында теңгенің долларға шаққандағы бағамы туралы пікір білдірді.

Фото: ҚР Үкіметі

«Үкіметте экономиканың көрсеткіштерін болжамдап жоспарлаған кезде біз орташа бағамды белгілеген болатынбыз. Биылғы жоспарлаған, бекітілген доллардың жылдық бағамы – 460 теңге. Қазір біз бұл болжамды өзгерткен жоқпыз. Жалпы жылдың динамикасын алып қарасақ, орташа есеппен 460 теңгеге жақындап қалдық. Бұл өте маңызды. Осы орташа деңгейде болып жатқан бағамның қозғалыс динамикасын қарасақ, қазір сол 460 теңгеге шығып отырмыз. Сондықтан, біздің болжам жылдың аяғына дейін өзгермейді», - деді вице-премьер.

Сондай-ақ, ол Үкімет теңге бағамын жіті бақылауда ұстап отырғанын айтты.

«Тимур Мұратұлы (Сүлейменов -ред) кеше Ұлттық банк басшысы ретінде пікірін айтты. Доллар бағамы нарықта белгіленеді. Сұраныс пен ұсыныстың ара-қатынасына байланысты. Сондықтан қазіргі айтылған жоспар бойынша жылдың аяғына дейін Ұлттық қордан қалған трансферттер келеді. Оның бәрі әрине, осы бағамның шарықтап кетпеуіне оң әсерін тигізеді», - деді Нұрлан Байбазаров.

Ұлттық банк төрағасы осыған дейін жыл басынан бері теңге бағамы 5,8% әлсірегені туралы айтқан болатын.