Доллар бағамы өсе ме - Ұлттық банк төрағасы жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада өткен цифрлық активтер индустриясын дамыту мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамына қатысты болжамын айтты.

Фото: gazeta.uz

Оның сөзінше, соңғы бірнеше айда теңге Ұлттық банктің араласуынсыз нығайып келеді. Бұған елдегі макроэкономикалық жағдайдың тұрақтылығы әсер етіп отыр.

– Доллардың алдағы бағамына келсек, оған алаңдауға негіз жоқ. Экономикадағы негізгі көрсеткіштер тұрақты. Импорт көлемі де бұрынғы деңгейде сақталып отыр. Сондықтан шетел валютасына сұраныс күрт өседі деп отырған жоқпыз. Осыны ескерсек, доллар бағамы қатты өзгермеуі тиіс. Әрине, маусымдық ауытқулар мен басқа да факторлар болады. Бірақ бағамды нарықтың өзі айқындайды, - деді Тимур Сүлейменов.

Айта кетейік, бүгін доллар бағамы сауда-саттықта шамамен 3 теңгеге төмендеді.