Доллар бағамының қайта есептелуіне байланысты биыл жан басына шаққандағы ЖІӨ 6,9 мың долларға болжанды - Е. Досаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Доллар бағамының қайта есептелуіне байланысты биыл жан басына шаққандағы ЖІӨ 6,9 мың долларға болжанды. Бүгін «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырылымы барысында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, Үкімет түзеткен макроэкономикалық көрсеткіштерге сәйкес, АҚШ долларының есеп айырысу бағамы 300 теңгеден 360 теңгеге ауыстырылады.

«Әлемдік нарықтағы ағымдағы үдеріс бойынша 2016 жылы әлемдік мұнай бағасы барреліне 30 долларға, ал металл бағасы былтырғы жылға қарағанда 15 пайыз төмен деңгейде болжанады. Мұнай мен металға жаңартылған сценарий бойынша, сонымен қатар, экономикалық белсенділікті ынталандыру бойынша дағдарысқа қарсы жедел алдын ала шараларына орай 2016 жылы ЖІӨ өсімі 0,5 пайызды құрамақ. Атап айтқанда, биыл номиналды ЖІӨ 44 166,5 млрд. теңге шамасында болжанады, бұл 2015 жылдың қарашасында мақұлданған көрсетекішке қарағанда 1 364,0 млрд. теңгеге төмен», - деді Е. Досаев.

Оның айтуынша, 2016 жылы халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ 6,9 мың долларға болжанады. «Бұл бұған дейінгі көрсеткіштен 1,6 долларға төмен және негізінен доллардың теңгеге қатысты бағамның өзгерісіне қарай есептеліп отыр», - деді Е. Досаев.