Доллар күрт әлсіреуі мүмкін бе – Ұлттық банк басшысының жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл соңына дейін доллар бағамының күрт әлсіреуіне немесе өсуіне негіз жоқ. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Фото: Ұлттық банктің баспасөз қызметі

Бүгін Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында тілшілер теңгеге шаққанда АҚШ доллары бағамының күрт өсуі мүмкіндігі туралы сұрады.

- Күрт қымбаттап кетпейді. Ішкі және сыртқы факторлар бізге оң әсер етіп отыр. Жыл соңына дейін доллар бағамының күрт әлсіреуіне немесе өсуіне негіз жоқ, - деді Тимур Сүлейменов.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық қорытындысы бойынша доллар бағамы қымбаттады.