Бұл жөнінде ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Қ.Н. Келімбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте мәлім болды. Отырыста ҚР Ұлттық Банкі аумақтық филиалдары директорлары Қазақстанның өңірлері бойынша жүргізілетін мониторингтің барысы мен нәтижелерін талқыға салды. 2014 жылғы 13 ақпандағы сағат 11:00-дегі жағдай бойынша айырбастау пункттерінің негізгі айналымын қамтамасыз ететін валюталар - АҚШ доллары мен еуро бағамдарының ахуалы негізінен қалпына келді. Теңгеге АҚШ долларын сатып алу және сату бағамдарын айырбастау пункттері ҚР Ұлттық Банкі ішкі валюта нарығындағы операциялар үшін мәлімдеген дәліз шегінде белгілеуде. Бүкіл өңірлердің айырбастау пункттерінде АҚШ доллары бойынша сатып алу бағамы мен сату бағамы арасындағы айырма 2 теңгеден, ал еуро бойынша 3 теңгеден аспайды. Айырбастау пункттерінің үздіксіз жұмыс істеуін және олардың халықпен жүргізілетін операцияларда алыпсатарлығына жол бермеу мақсатында ҚР Ұлттық Банкі және оның аумақтық филиалдары қолма-қол шетел валютасының ішкі нарығындағы ахуалдың мониторингін тұрақты түрде жүзеге асырып отыр. ҚР Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарында «жедел желілер» ашылды, онда азаматтар айырбастау пункттері жұмысының бұзылуы анықталған кезде шағымдана алады. Жеке тұлғаның айырбастау пункттері жұмысы бойынша шағымының болуы жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады, ҚР Ұлттық Банкінің тиісті аумақтық филиалына жіберілген шағымның нысаны міндетті түрде әрбір айырбастау пунктінде болады.
21:16, 13 Ақпан 2014
Доллардың құны Павлодар облысында шарықтап тұр
АЛМАТЫ. Қазақпарат. 13 ақпанда Республика бойынша АҚШ долларын теңгеге сатудың ең жоғары бағамы Павлодар облысында (187 KZT/USD), еуро бойынша Шығыс Қазақстан облысында (260 KZT/EUR) тіркелді.