Долларға шаққандағы теңге бағамы тамызда 2,7% әлсіреді
14:08, 27 Қыркүйек 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы бағамы 2017 жылдың тамызында 2,7%-ға, жыл басынан бері 1,1%-ға төмендеп, айдың соңына қарай 1 АҚШ долларының құны 337,04 теңгені құраған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үстіміздегі жылдың тамызында теңгенің айырбас бағамы 1 долларға 330,07-337,04 теңге диапазонында өзгеріп отырған. Өткен айдағы теңге/доллар айырбастау операцияларының көлемі 25%-ға артып, 14,9 млрд долларды құраған. Соның ішінде Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық көлемі бір айда 25,9%-ға артып, 3,9 млрд долларға жеткен, ал биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі 24,7%-ға артып, 11 млрд долларға жеткен.