Долларсыздандыру халық есебінен жүзеге асырылмауы тиіс - Д. Ақышев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Долларсыздандыру халық есебінен жүзеге асырылмауы тиіс. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті.

«Меніңше, біздер Ұлттық банкке сенімді қалпына келтіруден бастауымыз қажет. Бұл бағыттағы ең біріншісі -ақпараттық саясат. Бұл біздің қоғамға ашықтығымыз. Бұл біздің бағамға, инфляцияға ықпал ететін барлық факторларды және біздің іс-қимылымызды түсіндіруге дайындығымыз. Біз жұмысымызды Парламентте, Үкіметте, БАҚ-та барынша көрсетуді жоспарлаудамыз», - деді ол.

Сонымен қатар ол өзінің, орынбасарлары мен бөлімше басшыларының БАҚ-пен тұрақты байланысып, қоғамға орын алып жатқан жайттарды түсіндіріп отыратындығын атап өтті.

«Долларсыздандыру халық есебінен жүзеге асырылмауы тиіс. Біз халық ақшаларын теңгемен сақтауы үшін ең алдымен дұрыс экономикалық ынталандыру тетіктерін құрумыз қажет», - деді Д.Ақышев.

Өз кезегінде ҚР Президенті Ұлттық банктің халыққа қаржы әлемінде орын алып жатқан жайттарды түсінікті тілмен жеткізетін басты әрі жалғыз орган екенін баса айтты.

«Соңғы уақытта бұл орын алған жоқ, әлемде орын алып жатқан оқиғалар түсіндірілмеді. Түсінік адамдар үшін өте маңызды. Елдегі барлық істер барысында әлеуметтік міндеттемелерді дер уақытында орындау барыша маңызды. Мен банкке, теңгеге сенімнің қалпына келеріне үміт артамын», - деді Н.Назарбаев.