«Домалақ» арыздар бойынша тексерістер жүргізу мүлдем тоқтатылды - Қаржы полициясы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Қаржы полициясына түсіп жатқан арыздардың 71% 10 күнге дейінгі мерзімде қарастырылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Лукин мәлім етті.

Оның айтуынша, Қаржы полициясы тексерістерді қозғалған қылмыстық істер шеңберінде ғана қаржы полициясы қызметкерлерінің қатысуынсыз Салық комитетінің, қаржылық бақылау және басқа органдардың мамандарымен өткізуге тапсыра алады. Олардың түйіндемесі негізінде жазықтылардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуы туралы шешім қабылданады.

«Біз қаржы полициясының кәсіпкерлер арасындағы азаматтық-құқықтық дауларға араласу тәжірибесін тоқтаттық. «Домалақ» арыздар бойынша тексерістер жүргізу мүлдем тоқтатылды. Қаржы полициясы органдары арамза шенеуніктер мен экономиканың «көлеңкелі» секторы арасындағы сыбайлас жемқорлық байланыстарын әшкерелеуге бағытталған», - деп атап өтті А.Лукин.

Оның айтуынша, «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау» Заңына сәйкес қаржы полициясына бизнес пен мемлекеттік органдар субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметін жеке тексеру өкілеттілігі берілмеген.