Домбыра Бейжің жүрегінде: Димаш Құдайберген Қытай әншісімен бірге Жер храмына барды

АСТАНА. KAZINFORM – 29-30 желтоқсан күндері Қытайдың BRTV телеарнасының «最美中轴线 Singing for the Central Axis of Beijing» жобасы аясында Димаш Құдайберген Бейжіңдегі Жер храмына барып қайтты, деп хабарлайды Kazinform Dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

Photo crerdit: dimashnews.com

Бейжіңнің орталық осі – қаланың тарихи орталығынан өтетін маңызды бөлігі саналады. Оның ұзындығы 7,8 шақырымға созылып, Қоңырау және Барабан мұнараларынан бастап Юндинмэнь қақпасына дейін жалғасады. Бұл бағыт 1267 жылы Юань әулеті кезінде қалыптасқан және Жер храмы мен Аспан храмы сынды маңызды нысандарды қамтиды. Аталған храмдар үш ұлы бастаушы күш – жер, аспан және адамды білдіреді.

Бастапқыда Жер храмы мен Аспан храмы бір кешеннің бөлігі болған еді, 1530 жылы олар бөлінді. Жер храмы Тыйым салынған қаланың солтүстігінде орналасқан және оның аумағында Рухтар мекені мен Қасиетті қойма сияқты басқа да нысандар бар. Саябақтың солтүстік-шығыс бөлігінде Қытайдың дәстүрлі медицина саябағы орналасқан.

«Біздің әндеріміз» жобасына қатысқан Димаш пен қытай әншісі Гун Линна Жер храмында көрікті орындармен танысып, жергілікті тағамдардан дәм татты және сыйлықтармен алмасты. Димаш домбыраның тарихын баяндап, оны Гун Линнаға сыйға тартты.

— Бұрын домбыраның ішегі әлдеқайда көп болатын. Тарихқа көз жүгіртсек, баяғыда бір ханның жалғыз ұлы қаза болыпты. Ұлының өлімі туралы қайғылы хабарды жеткізуге құзырындағы ешкімнің батылы жетпепті. Сайып келгенде, ұлының өлімін домбыра арқылы естіртіпті. Барлығының ханға ұлының өлімін естіртуге қорыққан себебі, хан: «Баламды көптен бері таба алмай жүрмін. Кімде-кім маған қайғылы хабарды жеткізер болса, соның көмейіне қорғасын құямын», — деген екен. Осылайша домбыра адам өмірін сақтап қалыпты, – деді Димаш.

Дәстүрлі түрде Димаш домбырада ойнап, Гун Линна «Jasmin» әнін шырқады. Сондай-ақ, жүргізушілердің сұрауымен Димаш өз ана тілінде «Қараторғай» әнін орындады.

Іс-шара соңында олар 1688 жылы салынған Чжэнъи храмының театрына барды. Бұл театр бүгінгі күнге дейін Бейжің операсын қояды және мәдени мұра болып саналады.

Бұған дейін Димаштың қатысуымен Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясының астанасы Чэнду қаласында жаңажылдық мереке өткені хабарланған болатын.

Осыған дейін Димаш Құдайберген Қазақ елін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.