«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген қанатты сөз бар. Осы тәмсілден-ақ ұлттық аспапты біздің халқымыз қаншалықты қадір тұтатынын аңғара аламыз. Тіпті, оның сан түрін музейлерде сақтап, ұрпақ жадында өшпестей жазылуына мән береді. Ал өнер музейіндегі домбыралардың ерекше түрлерінің тарихын музейдің бас қор сақтаушысы, кәсіби музыкант Азамат Бақия тарқатып берді.
Домбыраның пайда болуы жайлы түрлі аңыздар бар. Алайда музей өкілінің айтуынша, түркі халықтарының бәріне ортақ, пішіні ұқсас аспаптың төркінін іздеген адам түбі бір әфсанаға тіреледі.
— Қазақтың шекті аспабы екіге бөлінеді. Біреуі ыспалы, біреуі шертпелі. Түркітілдес халықтың бәрінде пішіні ұқсас ортақ аспап бар, тек аталуы әр жерде әртүрлі. Бізге жеткен атауы — домбыра. Аңшы атқан малдың шегі екі жаққа керіліп ілініп қалады, жел соққанда сол шек үн шығарады, содан бір аңшы аспап жасаған дейді. Мұндай аңыз бізде ғана емес, қай елге барсаң да бар. Аспаптың ең алғашқы түрін 5 мың жыл бұрын ойлап тапқан, оны топшур деп атайды — күні бүгінге дейінгі ең көне нұсқа осы, — дейді Азамат Бақия.
Аспаптың ізі тасқа да түскен. Мәселен Ұлытаудағы Білеуті мен Бұланты шайқасы өткен өңірде домбыра тартып отырған адамдардың бейнесі күні бүгінге дейін сақталған.
Бір адам жинаған 1600 аспап
Азамат Бақия атақты Мұса Әділ шебердің шеберханасында төрт жыл болғанын айтады. Сол кісінің айтуынша, домбыраның пішіні әртүрлі болуы сол өңірде өсетін ағаштың көлеміне байланысты.
— Ол кезде қазіргідей Алтайдың шыршасын Маңғыстауға әкеліп егу деген болмаған, әркім маңайындағы ағаштан шауып жасаған. Ағашы мол Қаратау, Жетісу, Арқада шанақ кең болады, шертіп қалғанда үн фортепианоның педалін басқандай күмбірлеп шығады. Шертпе күй осылай туған. Ал Қызылорда, Арал, Ақтөбедей ыстық аймақтың ағашы аласа, үн үзіліп қалады, оны жалғау үшін үздіксіз ойнау керек. Бұны төкпе күй деп атаған. Киіз үйдің биіктігі де сол өңірдің ағашына байланысты болған, — дейді зерттеуші.
Азамат Бақия мұражайындағы аспаптардың бәрін өз қолымен жинаған. Әрқайсысының артында бір адамның, бір рудың тарихы жатыр.
— Мына мұражайдағы 1600 аспаптың бәрін зерттеуге сапарға шыққан кезімде жинадым. Экспедицияда жүргенде әрқайсысының тарихын жазып аламын. Кейде домбыраның иесі «бұл иесіз қалып қоятын шығар, сенде болсын, ұрпағымнан бір ынталысы шықса, өзің қайтарарсың» деп аманаттап береді. Керей домбыраны Моңғолиядан алып келдім, өзім де таңғалдым. Керей кездік, керей тымақ дегенді еститінмін, ал керей домбыраны бірінші рет естідім. Ол кішкентай ғана, ат үстінде ұстауға ыңғайлы етіп жасалған, — дейді ол.
Мұражай төріндегі әр домбыра — бір дәуірдің тынысы.
Абай домбырасы үш ішекті болған, оған Абай орыс балалайкасының кейбір элементін қосқызып жасатқан.
Құрманғазы домбырасы солай аталғанымен, ол шәкірттерінің аспабы болуы мүмкін. Үлгісі Астрахан жақтан алынған.
Қаныш Сәтбаев қартайған шағында ұстаған домбыра да осында. Ол дәстүрлі отыз шақты әнді Затаевичке айтып берген. Зерттеулермен айналысып жүрсе де, қолынан домбырасын тастамаған.
Ал 1802 жылы жасалған Қалақ домбыраны зерттеуші Моңғолиядағы Қалақша ауылынан алып келген.
Бұдан бөлек, қолданысқа ықшам, құрамалы, ескіше атауы «құрама домбыралар» да болған. Қазір құрама домбыралар музыканттың алып жүруіне тіпті ыңғайлы.
Үш ішекті домбыра негізінен Шығыс Қазақстанға тән. Үшінші ішек — бурдон деп аталатын ең көне бұрау, ол үннің мүмкіндігін арттырады. Абайдың домбырасы, Шәкәрім домбырасы осындай үш ішекті болған дейді.
Оркестр домбыраны қалай өзгертті
Домбыраның бүгінгі кескінін оркестр қалыптастырды. Отызыншы жылдары Ахмет Жұбанов тұңғыш халық аспаптары оркестрін құрды, домбыра мен қобыздың үнін оркестрге сәйкестендіру үшін арнайы сынақ шеберханасы жұмыс істеді. Жаңа үлгіні жасауды Жұбанов ағайынды Эммануель және Борис Романенко мен Қамбар Қасымовқа тапсырды.
Осылай прима, альт, тенор, бас домбыра дүниеге келді. Аспапты 48 өлшемге салып, стандартқа түсірген де осы кезең. Пернесінің 19-ға жетуі — бір аспаппен барлық шығарманы ойнап шығу үшін жасалған, яғни мүмкіндігі кеңейтілген. Ертеде перне саны әр өңірдің әуеніне қарай әртүрлі болатын. Стандартталған домбыраны алғаш Қарағанды бойындағы Осакаровка ауылындағы зауыт шығара бастаған.
Мұражайға қамалған өнер өледі
Домбыра тарту кезінде мамандық емес, жанға серік өнер болған. Қаныш Сәтбаев та, Абай да, Біржан сал да оны кәсіп қылмай-ақ, қолынан тастамаған. Ал Азамат Бақия «Абай домбыра», «Жамбыл домбыра» деген кезінде мерейтой жылдарында таралып кеткен қате пікір екенін айтады. Домбыраға ұлы тұлғаның бейнесін салғаннан соң, жұрт соны шатастырып алған.
Бүгінде домбыраның электрлі, пластик, тіпті шанақсыз нұсқалары да бар. Алғаш электр тоғына байлап «Алдаспан» тобы аспапты ауыр рок сарынымен ойнаса, әнші Ақтоты Болышева пластик материалдан жасалған домбыраны сахнаға шығарған. Ал бұл музейдің өзінде шеберлер домбыраға гитараның үлгісін салып көрген. Зерттеуші мұны қате көрмейді.
— Мен ойымша, өнерді тек мұражайда жәдігер қалпында сақтап қойса, ұлт ұтылады. Электрлі домбыра шықты, ауыр рок ойнайтындар бар, оған сын көзбен қарауға болмайды, өйткені заманына сай кәдеге жарау керек. Қазақта 120-дан астам аспап болған, бірақ осы деңгейге жеткені біреуі — осы домбыра ғана. Қалған жүзден астам аспап әлі қараусыз жатыр. Мысалы шаңқобызды білеміз, бірақ оны жасайтын шебер бізде жоқ, қырғыздан, Алтайдан аламыз. Ұлтқа жұмыс істейміз десек, сол ұмыт болған аспаптарды жаңғырту керек, — дейді Азамат Бақия.
Бір кездері мүлде жоғалып кеткен жетіген де осылай қайта оралған. Оны зерттеуші Болат Сарыбаев жаңғыртып, аспапқа арнап шығарма жаздырып, қайта сахнаға шығарған. Тіпті көшпелі тұрмысқа лайықталып, жиналмалы етіп жасалған құрама домбыра да болған — оны атқа өңгеріп алып жүрген. Мұндай жаңғыруды күтіп тұрған аспап әлі көп.
Домбыра тарту емес, оны ұғу шарт
Дәулескер күйші Жанғали Жүзбай үшін домбыра — ұлттың үні.
— Домбыраның қоңыр үнінде қазақтың үні бар, қос ішегі — қазақ жүрегінің тербелісі. Күйшілік те, әншілік, жыршылық та екі бөліктен тұрады. Бірі — орындаушы, яғни әнші, күйші, жыршы, ақын, екіншісі — тыңдаушы. Абай бабамыз Біржан салдың әнін естігенде «Апырым-ай, енді қазақта сен сияқты әнші туар ма екен?» деп сүйсінген екен. Сонда Біржан «Абай аға, біз сияқты әнші туа береді ғой, ал сіз сияқты тыңдаушы жан тумайды» деп жауап беріпті. Сол сияқты, бәрінің бірдей домбыра ұстауы шарт емес, бірақ оның күйін, құндылығын ұғуы шарт, — дейді ол.
Күйшінің айтуынша, домбыраның сан түрге бөлінуі де қазақтың тұрмысы мен адамның қоғамдағы орнынан хабар береді.
— Домбыра халықтың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайына қарай әр түрге бөлінеді. Көшіп-қонып жүрген елдің қолындағы аспап — жол жүруге ыңғайлы, шағын, киіз қабы бар аспап. Қыз баланың домбырасы бөлек, ер жігіттің домбырасы мүлде басқа, ал күйшінің домбырасы — өз алдына бір әлем. Ол қайыңнан, үйеңкіден, кейде жаңғақ не жиде ағашынан, Арқада тіпті таудың басындағы шынар мен аршадан жасалады. Балаларға арналған домбыра да бар — оны балбырауын, кейде шіңкілдек деп атайды, — дейді дәулескер күйші.
Домбыраға билейтін таутеке
Домбырашылық өнерінің тек тыңдауға ғана емес, көзбен көруге де лайықталған түрі бар. Ортеке — соның бірегей үлгісі.
Мұнда дәстүрлі екі ішекті домбыра мен таутекінің ағаш мүсіні қатар жұмсалады. «Ортеке» арнайы тұғырға орнатылып, домбырашының саусағына жіппен байланады. Күйші ойнай бастағанда, шертілген саусақтың қозғалысымен қуыршақ та тықылдап билей жөнеледі. Оған бала да, үлкен де қызыға қарайды.
Өнер музейінде осындай ортеке биін «Жошы» ансамблі орындап берген болатын.
Мұнда арқардың мүйізінен шауып жасаған арқар мүсіні де жіппен домбыраға жалғанған. Осы жәдігер музейдің төрінен ортеке мәдениетінің көзі ретінде сақталған.
Домбыра үйренудің сандық тәсілі
Домбыраны бұрын ұстаздан бетпе-бет, ауызша дәстүрмен ғана үйренетін. Бүгін аспапты меңгерудің сандық жолы қалыптасты. Әр перне мен ішекке сан беріледі де, үйренуші нотаны білмей-ақ, сол тізбекті қайталап, әнді не күйді жаттап алады. Бұл әуесқой музыкантқа таптырмас тәсіл. Оның үстіне аспапты дұрыс баптайтын қосымшалар, әйгілі ән-күйдің цифрлы нотасы, әр шығарманы қадаммен түсіндіретін бейнесабақтар да жеткілікті.
— Сандық нотаны Қазақстанда қолданысқа енгізген — ғылым докторы Жұмагелді Нәжімеденов, оқулығын да сол кісі жазған. Оның жүйесімен қазір үйірмелерде кеңінен сабақ беріледі. Қолайлы жағы — адам әуенді тез үйреніп алады, әсіресе кәсіби емес, әуесқой музыкантқа таптырмайды. Әрине, музыканың қағысын, ишарасын, ішкі мазмұнын сездіруге келгенде кемшін тұстары да бар, сондықтан кәсіби ортада кең қолданыла қоймайды. Дегенмен бұл — музыканы таңбалаудың тамаша жүйелерінің бірі, — дейді Жанғали Жүзбай.
Азамат Бақияның айтуынша, домбыра үні тіпті цифрланып, оны меңгермеген адам да клавишпен сол әуенді шығара алатын деңгейге жеткен. Дәстүр мен технология осылай қатар жүріп, киелі аспапты жаңа буынға жеткізіп отыр.
Әлем таныған қазақ күйі
Қазақтың күй өнері халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған. Қазақстандық қоғамдық дамыту институтының мәліметінше, 2014 жылы «Қазақтың дәстүрлі домбыра күйі» елімізден алғаш рет адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді. Номинациялық құжаттаманы белгілі музыкатанушы Саида Елеманова әзірлеп, қазақтың ғасырлар бойы жалғасқан күйшілік дәстүрін әлемге танытуға сүбелі үлес қосты.
Сондай-ақ Батыстан Сырға, Арқадан Жетісу мен Алтайға дейін жалғасқан бұл мектептер Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Тәттімбет, Сүгір, Абыл, Кетбұқа секілді тұлғалардың шығармашылығымен тығыз байланысты. Бүгінде олардың дәстүрі кәсіби өнер ұжымдары, білім беру мекемелері және халықтық шығармашылық орталықтары арқылы сақталып, жас буынға насихатталып келеді.
Еске сала кетсек, 2024 жылы Павлодарда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында бір мезетте 100 домбырашы «Ортеке» биін орындап, Қазақстанның рекордын орнатқан еді. Ертіс жағасын күмбірлеген күйге бөлеген сол сәт — домбыраның мың жылдан кейін де жасайтын өміршеңдігінің айғағы.