Домбырасыз әннің сәні кірмейді – Ернар Өмірәлі, дәстүрлі әнші

Фото: кейіпкердің жеке архивінен

ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақ халқының күнделікті өмірінде қасиетті домбыра аспабының орны ерекше. Төрде ілулі тұратын домбыраны қазақ құрметті қонағына ұсынған. Осылайша, домбырадан күмбірлей күй төгіліп, әуелете ән шырқалған. Домбыраның қадыр-қасиеті жөнінде Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ернар Өмірәлі былайша сыр шертеді.

- Ернар Мақсотұлы, қазақтың қара домбырасын кішкентайыңыздан серік еттіңіз бе ? 

- Иә, солай деуге болады. Әуелден перзенттеріне өнер қонған Жалпақтал топырағында шыр етіп, жерге түсіп, ес жиған сәттен бастап үйдегі апамның домбырасын ұстап ыңылдап, дыңғырлатып жүретін едім. Мектепте 3-сыныпта оқып жүргенде, анам қолымнан жетектеп, өңірге танымал ұстаз, әнші-композитор, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Баян Қабиеваға жетектеп апарды. Талай шәкірт алдынан өткен Баян Құбайқызынан мен де домбырамен ән салуды үйрендім.

Кейін арман қанатында Орал қаласына аттанып, Құрманғазы атындағы музыка колледжінде елімізге белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Хатимолла Бердіғалиевтен дәріс алып, 2005 жылы Мұхит класын бітіріп шықтым. Оған қоса 2013 жылы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын «Дәстүрлі музыкалық өнер» мамандығы бойынша тәмамдадым.

Осындай ұстаздардан тәлім алып, алдымен Шыңғырлау аудандық балалар музыка мектебінде домбыра класынан өзім де сабақ бердім. Шыңғырлау аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары қызметін атқарып, 2011 жылдан бастап Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияға ауыстым. Мұның бәрін айтып отырғаным, бала шақтан бері домбырадан еш ажыраған емеспін.

- Ендеше, дәстүрлі өнерді дамытуда домбыраның орны қалай деп ойлайсыз ?

- Дәстүрлі өнер дегенде, ең бірінші қазақтың қара домбырасы ойға келеді. Қазақ қазақ болғалы домбыра ұлтпен бірге жасап келе жатырған қасиетті аспап, сол себепті қазақты домбырасыз елестету мүмкін емес. Домбыра - қазақтың жаны! Сондықтан домбырасыз мен де өз өмірімді елестете алмаймын. Дәстүрлі әнші дауысымен қатар домбыраны да шебер шерте білуі керек. Аспап сай болмаса, алысқа бара алмайсың.

- Әнсіз домбыра жоқ, домбырасыз әннің сәні кірмейді, осыған келісесіз бе ? 

- 100 пайыз келісемін. Әріден қозғасақ, ата-бабамыздан есті әндер мен күмбір күйлер осы қасиетті домбыра арқылы жетті. Қарап отырсаңыз, сол кездің шығармалары домбыра арқылы атадан балаға мирас болып бізге жетіп, қазіргі таңда халықтың ұлттық болмысын танытатын мол байлығымыз болып отыр. Әрісі Мұхит, Біржан бабалар, берісі Әбләхат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев аталарымыздың әндерін домбырасыз елестету мүмкін емес.

- Домбыра арқылы қазақтың өнерін әлемге таныту үшін не істеу қажет ?

- Бұған бір ғана мысал келтірейін, екі жыл қатарынан Еуропа елдерінде өнер сапарымен болдық. Концерт басталар алдында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған Димаштың жанкүйерлерімен көрісіп, сұхбаттастық. Қолдарында қазақтың қара домбырасы бар. Димаш арқылы ұлттық аспабымызға деген махаббаттарының қалай оянғанын айтып, шын көңілден алғыстарын айтып жатыр. Осылайша, бір Димаштың өзі миллиондаған шетелдік аудитория жинап, ұлттық аспабымызды әлемге паш етті! Біз де қолымыздан келгенше, шетелге шыққанда, қазақтың домбырасымен ән шырқап, ұлттық өнерімізді көрерменге жеткізуге тырысамыз. Әміредей бабамыз Париж төрінен ән әуелетсе, оның бүгінгі ұрпақтары өнерден кенде қалған жоқ қой. Сол себепті қасиетті аспабымызды шебер меңгерген әншілер мен күйшілердің қатары көбейе берсе, ол біздің еліміздің мерейінің өскені, төл өнерінің дамығаны емес пе!?

- Тағы бір сауал, алдағы арман-мақсаттарыңыз қандай ? 

- Бұдан кейін де қабілет-қарымымыз жеткенше домбыраны серік етіп, домбыраны барынша насихаттай береміз. Қазіргі таңда «Атамекен» өнер ордасының директоры Бауыржан Халиолланың бастамасымен Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрімен бірге облыстың барлық аудандарын аралап, концерт беріп жүрміз. Басты міндет – алыс-жақын ауыл-аймақтағы ағайынды ұлттық өнермен сусындатып, Ғарифолла Құрманғалиев атамыздың бұрын-соңды орындалмаған әндерін елге таныстыру.

Қорыта айтқанда, жүрген жерге ән мен күйдің дәнін сеуіп, кейін нәтижесін көрсек, арман-мақсатымыздың орындалғаны.

- Әңгімеңізге рахмет! Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Ән көгінде еркін самғай беріңіз!