Домбыраның құлағында ойнайтын өзге ұлт өкілдері концерт береді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Домбыраның құлағында ойнайтын өзге ұлт өкілдері "Өнеріміз саған - Қазақстан!" атты концерт береді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтетін мәдени шара ҚР Тұңғыш Президентінің күні мен Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20-жылдығына орай ұйымдастырылмақ.

Ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері Янис Кайфиди (вокал), Василиса Муромцева (домбыра), Георгий Югай (домбыра), Айдана Садықова (вокал), Фуат Маликов (вокал), Қалбынұр Разиева (вокал), «Родина» корей мәдени орталығының хоры, «Наири» армян би ансамблі, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солистері Халид Нуралиев, Александр Сметанин, Олег Татамиров, Аида Часовитина, Илона Тен, мемлекеттік хор капелласының солистері Софиана Благодарная, Иван Прытков, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің бишісі Милена Мазур, музыкант Гүлнар Жидилова қазақ әні мен күйін шырқап, қазақтың ұлттық билерін билейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған фестиваль Қазақстанда тұрып жатқан бірнеше ұлыстар мен ұлттардың басын біріктіріп, қазақтың қайталанбас ұлттық өнерін насихаттауға бағытталған.

«Елбасы ұлтаралық достыққа көп көңіл бөледі. Ол Қазақстан халықтарының Ассамблеясы отырысында қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін көрсе, қатты қуанатынын жетізген болатын. Сондай-ақ, елімізде сол ұлттардың өзіндік мәдениеті мен тілін сақтауда барынша жағдай жасалғанын айта отыру керек», - деді Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының БАҚ-пен байланыс жөніндегі менеджері Әсел Мусинова.

Концерт 28 қарашада Алматыдағы Қазақконцерт ғимаратында кешкі сағат 18:30-да басталады.

Соңғы жаңалықтар