«Дон Кихот» Астанада

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мигель Сервантестің романы бойынша қойылған Л. Минкустың әйгілі «Дон Кихот» балеті 1 және 2 сәуір күндері «Астана Опера» театрының сахнасында ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басты партияларды орындауға дайындалып жатқан талантты әртістер - Әнел Рүстемова (Китри), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов (Базиль),  Елдар Шакирзянов (Эспада) «Астана Опера» сахнасында бұл спектакльде алғаш рет өнер көрсетпекші.

Қоюшы балетмейстер - «Астана Опера» балеттік труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі - Алтынай Асылмұратова. Қоюшы дирижері - Арман Оразғалиев.

«Бұл балетті орындау - үлкен ғанибет. Классикалық бимен алмасатын мінезді би шыңдалған техникамен қатар, актерлік шеберлікті де қажет етеді. Спектакльге қатысатын балет труппасының барлық құрамы халық көп қоныстанған Барселонадағы адам тағдырының түрлі көрінісін: қуанышы мен қайғысын жеткізеді. Спектакль қуанышқа, жүрекке жылу ұялататын сәттерге қанық, мақсатымыз осы атмосфераны көрерменге жеткізу», - дейді балет әртістері.

М. Петипа балетті 1869 жылы М. Сервантестің «Дон Кихот» романының желісімен қойған. Мариус Петипа әйгілі әдеби туындының екінші томындағы ауқатты Камачо (балетте - Гамаш) мен ауылдық жас жігіт Базилиоға (Базиля) ғашық сұлу қыз Киттерийдің (Китри) болмай қалған үйлену тойы туралы әңгімелейтін, тек екі бөлімін ғана пайдаланған.

«Спектакльде бейне кескіндер, сонымен қатар қызық анимация пайдаланылғанын атап өтейік. Сахнаға тірі жануарлар шыққанда, көрермен әркез шаттыққа бөленеді», - деп атап өтті театрдың баспасөз қызметінен.