Дональд Трамптың Facebook және Instagram-дағы аккаунттары қалпына келтірілді

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Meta корпорациясы бейсенбі күні Дональд Трамптың Facebook және Instagram-дағы аккаунттарын бұғаттан шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.

Дональд Трамп Facebook пен Instagram парақшаларында әзірге ешқандай хабарлама жариялаған жоқ.

Дональд Трамптың әлеуметтік желідегі аккаунттары екі жыл бұрын оның жақтастары 2021 жылдың 6 қаңтарында Капитолийге шабуыл жасағаннан кейін бұғатталған болатын. Meta-ның әлеуметтік желілері енді оған ашық екені туралы хабар бірнеше апта бұрын жарияланған болатын. Ұйым Дональд Трамп платформа ережелерін тағы бұзатын болса, оның профильдері қайтадан бұғатталатынын айтты.

Twitter де Дональд Трамптың аккаунтын қараша айында қалпына келтірді. Содан бері ол платформаға бірде-бір жазба қалдырмаған.

Дональд Трамп 2024 жылғы президенттік сайлау алдында сайлаушылармен байланыс және саяси қаражат жинаудың негізгі платформаларына қайта қол жеткізді.

Қаңтардағы көрсеткіш бойынша, оның Instagram-да 23 миллион, Facebook-те 34 миллион оқырманы болды.

Осыған дейін Дональд Трамптың Facebook пен Instagram парақшалары қалпына келтірілетіні жазылған болатын.

Фото: euronews.com