Трамп Еуропадан әкелінетін көліктерге салықты көтереді

АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамп АҚШ-қа әкелінетін Еуропа көліктеріне импорттық баж салығын 25%-ға дейін көтеру ниетін білдірді. Бұл қадам Еуропалық Одақпен сауда қатынастарының шиеленісуіне әкелуі мүмкін.

Фото: Ақ үй

Трамп Еуропалық Одақтан әкелінетін жеңіл және жүк көліктеріне баж салығын 25%-ға дейін көтеру жоспарын жариялады. Бұл туралы ол TruthSocial әлеуметтік желісінде хабарлады. 

Америкалық көшбасшының айтуынша, бұл шешім ЕО-ның «келісілген сауда келісімін толық орындамауымен» байланысты. Тарифтерді көтеру келесі аптада күшіне енеді деп жоспарланған. 

Бұған дейін Дональд Трамп пен Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен көптеген тауарға шамамен 15% тарифтерді қамтитын сауда шарттары туралы келісті. Кейінірек АҚШ Жоғарғы соты экономикалық төтенше жағдай жариялауға негіз таппай, президенттің үлкен тарифтер енгізу мүмкіндігін шектеді. 

Нәтижесінде тарифтің шегі 10%-ға дейін төмендетілді, содан кейін АҚШ әкімшілігі оны қайта қараудың баламалы құқықтық тетіктерін іздей бастады. 

Қазіргі уақытта АҚШ өзінің сауда балансын және ұлттық қауіпсіздіктің ықтимал тәуекелдерін талдап жатыр, бұл жаңа тарифтік саясатты енгізуге және ЕО-мен қолданыстағы келісімдерге қауіп төндіруі мүмкін. 

Трамп сонымен бірге АҚШ-та шығарылған көліктерге тарифтер қолданылмайтынын атап өтті. Ол елде жаңа автозауыттар белсенді түрде салынып жатқанын, бұл американдықтар үшін жұмыс орындарын ашатынын және жақын арада жұмысын бастайтынын мәлімдеді. 

Бұған дейін АҚШ импортқа жаңа баж салығын енгізетіні туралы жазған болатынбыз.