Дональд Трамп Колумбияға қаржылай көмектің тоқтағанын хабарлады

Фото: Anadolu Ajansi

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social арнасында Колумбияға бөлінетін барлық төлемдер мен субсидияларды тоқтататынын мәлімдеді. 

Трамп Колумбия басшысы Густаво Петроны есірткі саудасына қолдау білдірді деп айыптады.

— Қазір бұл Колумбиядағы ең үлкен бизнеске айналды. Петро АҚШ-тың ауқымды төлемдері мен субсидияларына қарамастан, оны тоқтату үшін ешқандай әрекет жасап жатқан жоқ. Бұл АҚШ-ты ұзақ уақыт тонаудан басқа ештеңе емес. Бүгіннен бастап Колумбия осы және басқа қаражат немесе субсидияларды алмайды, — деп жазды Дональд Трамп.

АҚШ президентінің айтуынша, тыйым салынған заттар Колумбияда өндіріліп, одан әрі АҚШ-та сатуға шығарылады. Бұл адам өліміне әкеп соғып, хаос туындатады. 

Трамп егер Колумбия билігі бұл плантацияларды жоймаса, АҚШ «мұны өзіміз жасаймыз» деп қорқытты.

Еске сала кетейік, Дональд Трамп бұған дейін Ақ үй «лаңкестік топ» деп санайтын есірткі картельдерімен соғысып жатқанын мәлімдеді.