Си Цзиньпин қарсы алу рәсімінде сөйлеген сөзінде АҚШ-қа сапары екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ екі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтты, деп жазады Xinhua.
Оның айтуынша, Қытайдың ашықтыққа деген ұстанымы өзгермейді. Екі елдің мүдделері өзара тығыз байланысты және ынтымақтастық үшін ауқымды мүмкіндіктер бар.
ҚХР төрағасы АҚШ халқын ел тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтады. Ол алдағы бес жылда Қытайдың 100 мың америкалық жасты білім беру және алмасу бағдарламаларына қатысу үшін елге шақыратынын мәлімдеді. Сондай-ақ жақын арада Атланта хайуанаттар бағында екі алып панда пайда болатынын айтты.
Си Цзиньпин өз сөзінде өзі мен АҚШ президенті екі елдің сыртқы саясат, сауда-экономика, қаржы, құқық қорғау, гуманитарлық және басқа да салалардағы ведомстволары арасындағы байланысты нығайтуды қолдайтынын атап өтті.
— Қытай мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық әлемдегі барлық мәселені шеше алмайды, алайда мұндай ынтымақтастықсыз көптеген проблеманы шешу қиын, — деді ол.
Си Цзиньпин Дональд Трамппен бірге Қытай-АҚШ қарым-қатынастарының «үлкен кемесінің» тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуына бағыт беруге дайын екенін атап өтті.
Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп Си Цзиньпиннің сапары барысында жасанды интеллекттің болашағы талқыланатынын айтты. Америкалық көшбасшының сөзін CNN келтірді.
Дональд Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарында жаңа ілгерілеушілік бар екенін айтып, өзі мен Си Цзиньпиннің екі ел алдында тұрған мәселелерді шешуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін мәлімдеді.
АҚШ президенті сондай-ақ мамыр айында Бейжіңге жасаған сапарын және жаңа Сауда палатасының құрылғанын атап өтті. Ол жаңа құрылымды мүлдем жаңа механизм әрі «керемет табысты» жоба деп атады.
— Біздің командалар сауда қатынастарын теңгерімді ету үшін жұмыс істеп жатыр. Бұл америкалық фермерлер мен мал өсірушілерге жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беруді де қамтиды, — деді ол.
Салтанатты рәсімнен кейін Си Цзиньпин мен Дональд Трамп шағын құрамда кездесу өткізді.
Бұған дейін Си Цзиньпиннің АҚШ-қа 23-25 қыркүйек аралығында сапарлайтыны хабарланған болатын.