Дональд Трамптың «ұшатын сарайы» болуы мүмкін

Фото: Фото: Көлік министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Ақ үй Қатар корольдік отбасымен Boeing 747 люкс ұшағын президенттік борт (Air Force One) ретінде пайдалану үшін АҚШ-қа беру туралы келіссөз жүргізіп жатыр, деп жазады BBC.

Қатар мұның сыйлық болатынын жоққа шығарып, бірақ екі ел арасында ұшақты «уақытша пайдалану» мәселесі талқыланып жатыр дейді.

Би-би-сидің АҚШ-тағы серіктесі CBS News-тің хабарлауынша, ұшақ президенттік мерзімінің соңында Трамптың президенттік кітапханасына сыйға тартылады. 

Бұл ақпарат Дональд Трамптың осы аптада Катарға сапары алдында пайда болды. 

Қатар үкіметінің АҚШ-тағы өкілі Әли Әл-Ансари хабарлағандай, Қатар Қорғаныс министрлігі мен Пентагон арасында келіссөз жүріп жатыр. 

— Бұл мәселе тиісті заң қызметтерінің қарауында, шешім әлі қабылданған жоқ, — деді ол.

Дереккөздер CBS News-ке ұшақ жеткізілгеннен кейін бірден пайдаланылмайтынын хабарлады, өйткені оны қайта жөндеп, қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау қажет болады.

Бұл мәміле ұшақтың ықтимал құнын ескере отырып (БАҚ оның бағасы қайта жабдықтауды есептемегенде 400 млн долларға жетуі мүмкін деп жазды) заңды және этикалық сұрақтарды тудыратыны сөзсіз.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливиттің жексенбі күні мәлімдеуінше, «шетел үкіметінің кез келген сыйлығы әрқашан барлық заңға сәйкес қабылданады» және Трамп әкімшілігі «толық ашықтыққа ұмтылады». 

Қазір АҚШ президенті екі Air Force One бортын пайдаланып отыр — бұл арнайы техникамен жабдықталған Boeing 747-200B ұшақтары. Олар 1990 жылдардың басынан бері жұмыс істеп жатыр.

Қатар Boeing 747-8 ұшағының жаңа үлгісін сыйға тартуы мүмкін, ABC News-тің хабарлауынша, ол жаңғыртылған соң «ұшатын сарайға» айналды.

Boeing компаниясы Ақ үйді жаңа ұшақтармен қамтамасыз ету туралы келісімшарт жасасқан, бірақ Трамп осы жылдың басында өндірушінің кестеден кешігіп жатқанына шағымданды. Оның әкімшілігі оның бірінші мерзімінде екі 747-8 ұшағын жеткізу туралы келіссөз жүргізді. 

Олар 2027 немесе 2028 жылға дейін дайын болмайтыны хабарланды.

— Жоқ, мен Boeing-ке риза емеспін. Оларға Air Force One жасау үшін көп уақыт қажет, білесіз бе, біз бұл келісімшартты баяғыда бердік. Біз ұшақты сатып аламыз немесе оны не басқа нәрсе аламыз, — деді Трамп ақпанда.

Қатар бұған дейін 2018 жылы Түркияға ұшақ сыйлаған болатын.

Демократтар ұшақты сыйлық ретінде қабылдаған Трампты сынға алғанын жазған болатынбыз.