Доңыз тұмауына қарсы препараттар қоғамның әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарына ғана тегін беріледі - Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі

АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - H1N1 доңыз тұмауына қарсы препараттар қоғамның әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына ғана тегін беріледі.

 Ал өзгелері әдеттегі тұмаудың дәрісіне қарсы пайдаланатын препараттар сияқты сатып алатын болады. Бұл туралы бүгін журналистермен болған  баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігінің Фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Баймұқан Сыздықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сондай-ақ оның айтуынша, елімізде кепілдендірілген тегін медициналық көмек шарасы аясындағы дәрі-дәрмектердің барлығы тегін берілуі тиіс. Тұрғындар аталмыш дәрілердің сатылуы жайында естіген немесе білген жағдайда ол туралы аймақтық медициналық қызметтің сапасын бақылау органдарына хабар берулері қажет. «Өйткені бұл заңсыз әрекет. Елдегі емханаларда жазылып берілетін дәрілердің барлығы азаматтарға тегін берілулері керек. Бұл дәрілердің тізімі Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы сайтында толық көрсетілген. Сонымен қатар тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тізімі емханаларда онда келіп-кетушілерге бірден көрінетін жерлерде жазылып тұруы қажет. Бұл тізім емханада болмаған жағдайда Бас дәрігерге ірі көлемде айыппұл салынады. Сондықтан аталмыш тізімнің жоқтығын байқаған жағдайда министрлікке немесе оның құзырлы органдарына хабарласу қажет», деді комитет төрағасы.