Допинг дауына ұрынған Олимпиада жүлдегерлерінен пәтерлер қайтарып алынбайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Допинг дауына ұрынған Олимпиада жүлдегерлерінен пәтерлер қайтарып алынбайды. Мұндай пікірді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«WADA (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) кодексінде тыйым салынған препараттарды пайдаланған адам мемлекеттік қаржыландырудан, халықаралық және жергілікті федерациялардың қаржыландыруынан толықтай айырылатындығын жазылған. Ол қарайтын халықаралық федерацияға біліктілігінен айыру енгізіледі. Ал бізде, егер сіздерді жүлдеге берілген пәтер қызықтыратын болса, онда спортшылардан бұл пәтерлерді тартып алу үшін ешқандай заңнамалық негіз жоқ. Сіздердің өздеріңізде бүкіл елмен 2008, 2012 жылдары олар үшін қуандыңыздар ғой. Енді қиын уақытта қолдау білдірейік, мұндай сауалдар қоймайық», - деді Мұсайбеков БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар ол Рио Олимпиадасының жеңімпаздарына берілетін сыйақы мен пәтерлерге қатысты тілшілердің сауалына жауап берді.

«Олимпиада ойындарына қатысушылардың жүлдесіне қатысты айтар болсам, олимпиадашылар сыйақыларын алса, келесі аптаның соңына дейін паралимпиадашылар алады. «Дене тәрбиесі және спорт туралы» Заңға сәйкес мемлекеттен пәтер алуы тиісті Олимпиада жүлдегерлеріне жүлделерін табыстауға бізде жарты жыл уақыт бар», - деді вице-министр.