Допинг табылғалы мені аптасына 2-3 рет тексереді- Сауль Альварес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мексикалық боксшы Сауль Альварес (49-1-2, 34 КО) қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкинмен (38-0-1, 34 КО) жекпе-жек алдында VADA-ның допингке қарсы бағдарламасына қатысуы туралы айтты, деп хабарлайды Sports.kz.

«Мен үнемі ерікті түрде допинг сынамасын тапсырамын. Сол оқиғадан кейін (ақпанда алынған екі допинг сынамасынан боксшыларға тыйым салынған зат кленбутерол табылған - Ред.) жазылдым бұған. Олар мені тексеруді жалғастырып жатыр. Аптасына екі-үш рет келеді. Сол оқиғадан кейін 15-20 рет тест тапсырдым», - дейді «Канело».

Еске сала кетейік, 17 және 20 ақпанда алынған допинг сынамасынан кейін боксшы алты айға спорттан шеттетілген болатын. 

Головкинмен екінші кездесу 15 қыркүйекте Лас-Вегаста өтеді.