ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» Орынборда «Локомотивпен» екінші кездесуін өткізді.
Кеше оралдықтар қарсыласын 18:5 есебімен жеңген еді.
Бұл жолы Николай Шавалдин шәкірттерінің қарқыны тіпті қатты болды.
Матч соңында 20:3 есебі тіркелді. Жиырма доптың тең жартысын «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов соқты.
Рауан Исалиевтің еншісінде 3 гол болса, Артем Лапшинге 2, Максим Өтебалиев, Нұрбол Бөкешов, Ершат Амангелдиев, Дәурен Оралов, Иван Захаровқа бір-бір доптан жазылды.
Осы ойыннан кейін 27 ұпай жинаған «Ақжайық» екінші топта турнир кестесінде 2-орынға көтерілді.
Батысқазақстандық клуб 14-15 қаңтарда өз айдынында «Ак Барс-Динамо-2» (Қазан) командасын қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» Орынборда «Локомотивті» 18:5 есебімен ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).