ОРАЛ. KAZINFORM - Ресейдің Кемерово қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық кезеңі өтіп жатыр.
А тобына түскен Оралдың "Ақжайығы" бастапқы кездесуін "Маяк" (Краснотурьинск) командасымен өткізді.
Бірінші таймда команда капитаны Максим Өтебалиев есеп ашты.
Екінші кезеңде "Маяктан" Никита Торкунов қарымта қайырды.
"Ақжайықтың" сұрмергені Максим Пахомов команданы қайта алға шығарғанымен, Антон Тихвинский таразы басын теңестіріп кетті - 2:2.
Ертең Николай Шавалдиннің шәкірттері "Сибсельмаш-2" (Новосібір) командасымен айдынға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын "Ақжайықтың" финалдық ойындарға қатысу үшін Кемерово қаласына аттанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).