ОРАЛ. KAZINFORM - 6-12 наурыз аралығында Ресейдің Иркутск қаласында допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық ойындары өтеді.
Финалдық кезеңге үш топтан 12 үздік команда жолдама алды.
Екі топқа бөлінген клубтар «Байкал» мұз сарайы мен «Рекорд» стадионында кездесулерін өткізеді.
Оралдың «Ақжайығы» Б тобында бақ сынайды. Қарсыластары: «Строитель-Сыктывкар» (Сыктывкар), «Енисей-2» (Красноярск), «Кузбасс-2» (Кемерово) және «Динамо-2» (Мәскеу).
Николай Шавалдин жаттықтыратын оралдықтар 7 наурыз күні алғашқы матчын «СКА-Уральский трубник-2» (Екатеринбург) командасымен өткізеді. Бұл клуб батысқазақстандықтарға жақсы таныс. Өйткені екеуі бір топта ойнап, «Ақжайық» үшінші, «СКА-Уральский трубник-2» командасы төртінші орынға ие болған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» шабуылшысы жоғары лигада ең сұрмерген ойыншы атанғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).