ОРАЛ. KAZINFORM — Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Ульяновск қаласында «Волга-Черемшанмен» екінші ойынын өткізді.
Оралдықтар бірінші таймда 3:0 есебімен алға шықса, екінші кезеңде де сол қарқынынан тана қойған жоқ. Қорытынды есеп — 8:3.
«Ақжайықтан» команда капитаны Максим Өтебалиев төрт голды өз есебіне жазды. Максим Пахомов қарсылас қақпасына қос доп енгізсе, Артем Лапшин мен Нұрбол Бөкешов бір-бірден мергендігімен көзге түсті.
Осылайша, қатарынан 20 матчты жеңіспен аяқтаған батысқазақстандық клуб еншісінде 69 ұпай бар.
«Ақжайық» келесі кездесулерін 19-20 ақпанда Верхний Уфалейде жергілікті «Никельщикпен» өткізеді.
— Биыл біздің жоғары лиганың финалдық ойындарына қатысатынымыз анық. Финалдық бәсекенің қашан және қайда өтетіні әзірге белгісіз, - деді Kazinform тілшісіне «Ақжайықтың» бас бапкері Николай Шавалдин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Ульяновскіде «Волга-Черемшан» командасын жеңгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).