Допты хоккей: «Ақжайық» қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізді
ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізді.
Николай Шавалдин жаттықтыратын команданың спортшылары бұл жолы Қазанда жергілікті «Ак Барс-Динамо-2» командасымен кім мықтыны анықтады.
Бірінші таймда қазандық бенди шеберлері 3:2 есебімен алда тұрды. Есесіне екінші кезеңде оралдықтар жауапсыз төрт гол соқты. Осылайша «Ақжайық» 7:3 есебімен алаң иелерінен басым түсті.
Батысқазақстандықтардан команда капитаны Максим Өтебалиев покер жасаса, ресейлік сұрмерген Максим Пахомов 2, Қуаныш Темірәлин 1 рет нысананы дәл көздеді.
Ертең қос клуб екінші кездесуін өткізеді. Қазіргі кезде оралдықтар 27 ұпаймен екінші топта 2-орында тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» өз тобында екінші орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.